
Қанадағы керемет
Жохан жазған Ізгі хабар 2:1-11
Иса Ғалилеяға келгеннен кейін үш күн өткенде, кішкентай Қана қаласында үйлену тойы болды. Исаның шешесі Мәриям да сонда еді. Бұл қуанышты той болды: қонақтар ішіп-жеп, биледі, қызықты оқиғалар айтып, күлді. Кенеттен, тойдың ең қызық сәті келгенде Мәриям уайыммен Исаға сыбырлап:
– Бұлардың шарабы таусылып қалды. Енді адамдар күйеу жігітті сараң адам деп ойлайтын болады, – деді.
Шешесінің не қалап тұрғанын білген Иса оған:
– Менен не қалайсың, анашым? Менің уақытым әлі келген жоқ, – деді. Мәриям Исаның не айтқанын түсінді, ол Оның қолынан барлық нәрсе келетініне сенді. Сол себепті ол қызметшілерге барып:
– Менің Ұлымның айтқанының бәрін орындаңдар, – деді.
Көп кешікпей Иса шынымен де қызметшілерге келді. Жан-жағына қарап, Ол алдыңғы жақта тұрған алты тас күбілерді көрді.
– Күбілерді суға толтырыңдар! – деді Ол қызметшілерге.
Олар күбілердің барлығын аузы-мұрнына дейін толтырғанша біраз еңбектенулеріне тура келді.
– Ал енді той басқарушы шараптың дәмін татып көрсін, – деді Иса.
Қызметшілердің көздері таңырқап, Исаға қарап қалды. Иса оларға не айтып жатыр? Той басқарушы жаңа ғана құдықтан әкеліп, күбілерге құйған суды ішіп көре ме? Бұл Назареттік жас Жігіт оларды мазақ етпекші ме? Бірақ Мәриям «Исаның айтқанын орындаңдар» деген еді. Көрейік.
Той басқарушы келіп, шөмішпен суды аузына апарып, дәмін татып көріп:
– Мәссаған, – деді де, күйеу жігітке тездетіп барып: – Сен керемет той жасадың, бірақ бір нәрсені дұрыс істемедің, – деді.
– Қазір ол мені шарап жетпеді деп кінәлайды, – деп ұялған күйеу жігіт жерге қарады.
Бірақ той басқарушы мүлдем басқа нәрсе айтты:
– Алдымен шараптың жақсысын берген дұрыс. Адамдар қызып алған соң төмендеуін берсең, олар оны байқамайтын болады. Ал сен керісінше істепсің. Қазір сенің қызметшілерің құйып жатқан шарап, ең жақсысы!
Күйеу жігіт түк түсінбеді, Мәриям болса, Исаға күлімдеп қарады. Ал шәкірттердің Оған деген сенімдері нығая түсіп «Шынында, Құдай Исаны көмекке жіберген екен!» деп ой түйді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақИса шәкірттерімен бірге қай аймаққа барды?
Ол жерде не болды? Иса жақындарының қайсысын онда кездестірді?
Мейрамда не болды? Иса не істеді? Оның шәкірттері сол іске қалай қарады?