
Исаның айдалада сынақтан өтуі
Лұқа жазған Ізгі хабар 4:1-13
Құдайдың және Оның Ұлының ең айбарлы жауы – шайтан. Иса Мәсіх онымен шайқасқа түсті. Бұл шайқас Иса Әкесінен қызметке тапсырма алған сәттен, Иорданда басталды.
Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өткізу үшін айдалаға апарды. Иса айдалада қырық күн және қырық түн ораза ұстады, сол күндері Ол ештеңе ішіп-жемеді.
Исаның қасына адамдарды әрқашан күнәға итермелейтін азғырушы шайтан келді. Ол Исаның қарны ашып әлсіреп тұрғанда Оны азғырамын деп ойлады. Егер Құтқарушы күнә жасаса, онда шайтан өзінің мақсатына қол жеткізіп, Иса адамдардың күнәсін Өз мойнына ала алмайтын еді. Сөйтіп адамдар мәңгілік құтқарылуға ие болмайды.
Шайтан Исаға:
– Егер Құдайдың Ұлы болсаң, мына тас нанға айналсын деп бұйыра гөр! – деді.
Ал Иса оған:
– «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың әрбір сөзімен өмір сүреді» деп жазылған ғой! – деп жауап қайырды.
Сонда шайтан Исаға қарсы ештеңе істей алмай, Оны тағы да азғыруға кірісті. Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны ертіп алып биік бір тауға шығарды да, әп-сәтте әлемнің барлық мемлекеттерін көрсетіп:
– Осы мемлекеттердің бүкіл билігін, олардың сән-салтанатын Саған беремін. Бұл билік маған тапсырылған, оны көңілім қалағанға сыйлаймын. Сонымен, маған ғибадат етсең, бәрі де Сенікі болады, – деді.
Иса оған:
– Кет қасымнан, шайтан! «Құдайың Жаратқан Иеге тағзым ет, жалғыз Оған ғана қызмет жаса» деп жазылған ғой! – деп жауап қатты.
Мұнан соң шайтан Оны Иерусалим қаласына апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді:
– Егер Құдайдың Ұлы болсаң, мына жерден төмен қарай секіре гөр! Өйткені Киелі Жазбада: «Ол періштелеріне Сені қорғауға бұйырады. Аяғың тасқа сүрінбеу үшін, олар Сені қолдарында алып жүреді» деп жазылған ғой, – деп азғырды.
Иса оған жауап ретінде:
– «Құдайың Жаратқан Иені сынаушы болма!» деп те жазылған ғой! – деді.
Сөйтіп Иса шайтанды тағы да жеңді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақНеліктен әзәзіл Иеміз Мәсіхтің ісін құртқысы келді?
Исаны айдалаға кім апарды?
Әзәзіл Исаны қалай азғырды? Иса оған не деп жауап берді?