Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі

Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі

Лұқа жазған Ізгі хабар 3:1-18, 21-22

Зәкәрия мен Елізабеттің ұлы Жақияның дүниеге келетіні туралы да Жәбірейіл періште алдын ала хабарлаған болатын. Құдай Жақия үшін ерекше бір қызмет дайындап қойған еді. Қызметін бастамай тұрып, ол ер жетіп, Яһудея шөл даласында өмір сүрді.

Ол шөл далада өмір сүріп, ешкім мазаламаған сол жерде Құдайды тыңдауды қалады.

Құдай оған:

– Иордан өзеніне бар да, халыққа уағыз айт! – деді.

Сонымен қатар Құдай оған не жайында уағыздау керектігін де айтты.

Содан Жақия Иордан өзенінің бойындағы барлық өңірді аралап, былай деп уағыз айтты:

– Күнәларыңа өкініп теріс жолдан қайтып, өмірлеріңді өзгертіңдер! Құдай Патшалығы жер бетіне келеді. Міне, Ол келе жатыр, дайын болыңдар! Бұлай өмір сүрулеріңе болмайды.

Алғашында адамдар оның сөздерін түсінбей, таңғалды. Кей адамдар оның сөздеріне күлсе, басқалары ашуланды. Бірақ кейбіреулері оның шынымен де Құдайдан келген адам екенін түсініп, білді.

– Тәубе етіңдер! – деп шақырды Жақия. – Мен сендерді Иордан өзенінің суына шомылдырамын. Суға шомылдыру рәсімі арқылы бұрынғы күнәларыңнан бас тартқандарыңды бәріне көрсетесіңдер. Шомылдыру рәсімі сендер үшін жаңа өмірдің бастамасы болуы қажет.

Адамдардың көбісі шомылдыру рәсімінен өтіп жатты. Олар достары мен туыстарына енді жаңа өмір бастағылары келетіндерін айтты. Олардың сөздері тыңдаушыларды қызықтырып, Жақиямен танысқылары келді.

Кейбір адамдар Жақиядан:

– Тыңдашы! Адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізіп, олардан өмірлерін өзгертуін талап етуге сенің қандай құқығың бар? Сен пайғамбарлар алдын ала айтқан Құтқарушысың ба? – деп сұрады.

– Жоқ, мен Ол емеспін. Бірақ мен туралы да алдын ала айтып кеткен болатын. Көп жылдар бұрын Ишая пайғамбар былай деген: «Жар салған дауыс шығады айдалада: “Жаратқан Иеге жол дайындаңдар, түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!”». Бұл мен туралы айтылған сөздер. Мен сендерді суға шомылдырамын. Ал менің артымнан Келе жатқан сендерді Киелі Рухқа шомылдырады, – деп жауап қатты Жақия.

Жақия уағыздап тұрған кезде, өзеннің жағасына жақындап келе жатқан Жолаушыны байқады. Ол сөзін тоқтатып, жағалауда жиналған халықтың арасынан Оған қарап тұрды. Адамдар Жақияның көзқарасын аңғарып, оның қарап тұрған жағына бұрылды. Олар топқа жақындаған Біреуді көрді. Барлығы Оған жол беру үшін екі жаққа ығыса бастады. Сонда Жақия халыққа:

– Қараңдар, міне, бүкіл әлемнің күнәсін Өз мойнына алатын Құдайдың Тоқтысы келе жатыр! – деді.

Бұны түсінбеген адамдар бір-біріне:

– Ол не айтып жатыр? – десті. – Құдайдың Тоқтысы дегені не? Бұл Кім Өзі?

Жақияның айқайлаған дауысы адамдарды өзіне қаратты, ол:

– Ал менен құдіретті Біреу келе жатыр. Мен Оның аяқ киімін шешіп беруге де лайық емеспін! Пайғамбарлық сөз орындалды! Міне, сендерге айтқаным Мынау, – деп Исаны көрсетті. Иса Жақияға жақындап келіп, оған:

– Мен саған шомылдыру рәсімінен өту үшін келдім, – деді.

– Мен Сені шомылдыруым керек пе? – деп таңғалды Жақия. – Керісінше, Сен мені шомылдыруың керек қой!

Иса оған:

– Осылай болуы керек, Жақия. Құдай осыны қалайды, – деді.

Екеуі де Иорданға түсті. Жақия қолдарын Исаның басына қойды да Оны шомылдыру рәсімінен өткізді. Сол сәтте ерекше оқиға болды:

Иса судан шыққанда аспан ашылып, көгершін бейнесіндегі Киелі Рух Оның иығына келіп қонды.

Сол сәтте аспаннан: – Сен Менің сүйікті Ұлымсың, Мен Саған ризамын! – деген дауыс естілді.

Жақия өзіне тапсырылған істі аяқтады, Ол адамдарға Құтқарушы келеді деп уағыздады. Міне, Ол келді: Назареттік Иса, Құдай Ұлы. Бірақ Оған яһудилердің барлығы сене қойған жоқ. Олардың кейбіреулері ғана Оны өздерінің Ұстазы деп таныды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Жақия көп жылдар бойы қайда өмір сүрді?

  2. Оған адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізуді кім бұйырды? Кім күнәні «жуады»?

  3. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдай Әке аспаннан не айтты?

55. Исаның шомылдыру рәсімінен өтуі00:00 / 04:37