Исаның балалық шағы

Исаның балалық шағы

Лұқа жазған Ізгі хабар 2:40-52

Яһудилер жыл сайын Құтқарылу мейрамын қуанышпен тойлайтын және осы күнді асыға күтетін. Олардың кейбіреулері көптеген елдерден келген яһудилермен бірге ғибадатханадағы мерекелік шараларға қатысу үшін, Иерусалимге көпкүндік сапарға шығатын. Олар сол жерде өз халқын сүйетін және қамқорлық жасайтын Құдайды мадақтады. Барлығы қуанды, бірақ ең қатты қуанғандар он екі жастағы балалар болды. Себебі олар мұндай салтанатты мерекеге алғаш рет қатысқалы отыр еді.

Осы жолы ата-анасы Исаны ертіп, көршілерімен бірге Иерусалимге аттанды. Сапар барысында Оның көріп, естігені аз болмады. Жолда көптеген қызықты жайттарға тап болды, бірақ бәрінен Оны қаланың әдемілігі баурап алды. Керемет ғибадатхана және мыңдаған адамның үні бір дауысқа ұласады. Исаны біріншіден ғибадатханада қызмет қалай өтетіні қызықтырды. Ата-анасы Оған белгілі бір әрекеттер мен ырымдардың мәнін жан-жақты түсіндірді. Кейде ол көршілерімен бірге болатын, ал кешке қарай ата-анасының қасына қайта оралатын.

Мейрам жеті күнге созылды. Содан соң әке-шешесі қайтуға жиналды, Мәриям мен Жүсіп балаларын іздеді, бірақ Оны еш жерден таба алмады. Олар Исаны басқа жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады, себебі ол әрдайым солармен бірге жүретін. Сондықтан уайымдамай, жолға шығып кетті. Кешке қарай олар Назареттегі басқа жолаушыларды қуып жетті. Олардың арасында Исаның жоқ екенін білген әке-шешесі қорқып кетті! Енді не істейді?

Олар Иерусалимге қайта оралды. Олар Исаны барлық жерден іздеп, кездескен адамдардан он екі жасар баланы көрмеді ме екен деп сұраумен болды. Көбісі он екі жасар баланы көрген, бірақ арасында олар іздеп жүрген Иса болды ма, жоқ па білмеді. Олар да Исаның қайда екенін айтып бере алмады.

Жүсіп пен Мәриям қатты уайымдап, қорықты. Соңында, олар қайтадан ғибадатханада ұстаздар Киелі Жазбаны талқылайтын жерге баруды ұйғарды. Олардың ойынша, Иса онда болмауы керек. Өйткені ұстаздардың арасында балаға не бар? Ол сол адамдардың әңгімесін түсіне алмайды және олардың әңгімесі оған өте жалықтырарлық болып көрінеді деп ойлады.

Ал шындығында барлығы керісінше болып шықты: олар Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасында олардың айтқан сөздерін тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты. Мәриям мен Жүсіп өз көздеріне өздері әрең сенді. Иса ұстаздарға сұрақтар қойып, ал олар сұрақтарына қиналып жауап беріп жатты. Ал олар Одан бір нәрсе жайлы сұрағанда, тыңдап отырғандардың бәрі Исаның даналықпен жауап қайтарып отырғанына қайран қалып жатты.

Мәриям мен Жүсіп балаларын қуанышпен құшақтап алды. Шешесі:

– Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуіміз қатты алаңдап, Сені іздеп келдік! – деді.

Ал Иса оларға:

– Мен бұл уақытқа дейін осы жерде болдым. Менің көктегі Әкемнің үйінде екенімді білмедіңдер ме? – деп жауап қатты.

Бірақ әке-шешесі Оның айтқан сөздерін түсінбеді. Олар Исаны алып, Назаретке кетті.

Иса есейген сайын оның даналығы арта түсті. Ол өз әке-шешесін жақсы көрді, оларға мойынсұнды. Мәриям Исаның ғибадатханада тапқан кезде айтқан сөздерін өмір бойы есіне сақтап, сол жайлы жиі ойлады.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Яһудилер Иерусалимге қандай мейрамға баруы керек болды?

  2. Құтқарылу мейрамына ұл балаларды неше жасынан бастап апарды?

  3. Мәриям мен Жүсіп Исаны жоғалтып алған кезде Ол қайда болды және не істеді?

54. Исаның балалық шағы00:00 / 04:25