
Шығыстан келген ғұламалар
Матай жазған Ізгі хабар 2:1-12
Алыс Шығыс елінде ғұламалар өмір сүрді. Неліктен оларды солай атағанын білесің бе? Олар көптеген ғылымдарды зерттегендіктен болса керек. Олардың сүйікті істерінің бірі жұлдыздарды зерттеу болды.
Міне, бір күні түнде ғұламалар аспанды бақылап отырған еді. Кенеттен олар бір жаңа жұлдызды көрді. Аспанның шығыс жағында жұлдыздар көп, бірақ бұл ерекше және басқа ешбір жұлдызға ұқсамады. Мұны олар бұрын көрмеген еді.
Құдай сол жаңа жұлдыздың пайда болу себебін көрсеткен еді: бір жерде Патша дүниеге келді, егер ғұламалар сол жұлдыздың соңынан ерсе, ол сол жерге апарады. Олар сондай бақытты еді! Олар жолға шығуға жиналды, сонымен қатар жаңа туған Патшаға сыйлықтарын алуды да ұмытпады.
Бұл өте ұзақ жол болды, бірақ олар сол жұлдыздың артынан ере берді.
Міне, олар қасиетті Иерусалим қаласына келіп жетті-ау, әйтеуір! Ғұламалар дүниеге келген Патшаны көруге қатты асықты, сол себепті олар патшаның сарайына беттеді. Оны сол жақта табамыз деп үміттенді.
Оларды Ирод патша қарсы алды. Дастарқан басында Ирод олардың келу себептерін сұрады, ал ғұламалар оған жаңа туған Патша және Оның туғанын білдірген жұлдыз туралы айтып берді.
– Оны патша сарайынан іздеу керек болған соң біз осында келдік, – деді ғұламалар.
– Иә, сендер дұрыс істедіңдер, – деді Ирод. – Өкінішке орай, мұнда ешбір жаңа туған нәресте жоқ. Бірақ мен сендерге Оны табуға көмектесемін. Менің патшалығымда ғұламалар бар, мен олардың барлығын жинап, бәрін біліп көремін.
Шынымен де елдегі ғұламалар Оны іздеуге көмектесті.
– Патша Бетлехемде дүниеге келуі керек. Осылай Миха пайғамбардың кітабында жазылған, – деді ғұламалар.
– Бетлехем өте жақын, – деп Ирод шетелдік қонақтарға түсіндірді. – Егер сендер түстен кейін оңтүстік бағытқа қарай шықсаңдар, онда күн батпай жатып сонда боласыңдар. Барлығын жақсылап қарастырыңдар, ал қайтар кезде маған келіп, барлығын баяндап беріңдер, себебі мен де жаңа туған Патшаға сыйлық апарғым келеді.
Ирод оларға зұлымдықпен күліп тұрғанын әрең жасырды. Ирод Нәрестеге ешқандай сыйлық бергісі келмеді, қайта, Оны өлтірмекші болды. Алайда ғұламалар Иродтың бұл ойын білген жоқ.
Олар қуанышпен жолға шықты. Бетлехемге жеткен кезде қараңғы түсіп, аспанда жұлдыздар пайда болды. Ғұламалар аспандағы жұлдыздардың арасынан өздеріне бағыт көрсетіп келе жатқан жұлдызды көргенде қатты қуанып кетті. Жұлдыз олардың алдында жүріп, Нәресте бар жерге келгенде тоқтап қалды. Олар бір-біріне:
– Ол осында болу керек. Дәл осы үйде! Құдай бізге жол көрсетті! – деп қуанды.
Жүсіп ер адамдардың кішкентай үйшікке кіріп келе жатқандарын көріп, өз көзіне өзі сене алмады. Ол Мәриям екеуі осындай алыс елден келетін бай қонақтарды ешқашан күтпеген еді.
– Біз жаңа туған Исраил Патшасын іздеп жүрміз! – деді қонақтар.
– Ол анда жатыр, – деп жауап берді де, Жүсіп Нәрестені көрсетті. Осындай маңызды, ғалым және сәнді киімдер киген адамдар кішкентай Исаның алдына келді. Ғұламалар қымбат сыйларын: алтын, ладан және смирнаны Исаға берді. Өздерінің сыйлықтарын беріп, олар Нәрестемен, Мәриям және Жүсіппен қоштасты.
Түнде Құдай ғұламалардың біріне түсінде Иродтың шынайы жоспарын көрсетті. Ол өзінің достарына:
– Құдай менімен сөйлесті. Ол маған Иродтың арам ойын айтып берді. Ирод Нәрестеге сыйлық әкелмекші емес, керісінше Оны өлтірмекші болды. Сондықтан оған барудың қажеті жоқ, – деді.
Сонымен олар қатыгез патшаға Нәрестені тапқандары туралы айтпастан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.
Келесі түні Құдай Жүсіпке де оның түсінде сөйледі. Ол Мәриям мен Нәрестені алып Мысырға қашу керек болды. Уақыт созбай Жүсіп оларды алып түнделетіп жолға шығып кетті. Мысырға дейін жол алыс еді. Құдайдың оларды үлкен қайғыдан сақтап қалғаны кейінірек анық болды: Ирод ғұламалардың Нәресте туралы өзіне айтпай кетіп қалғандарына қатты ашуланды. Сол себепті ол бүкіл Бетлехемдегі және соның төңірегіндегі екі жасқа дейінгі барлық балаларды өлтіруді бұйырды. Өйткені ол сол балалардың арасында болашақ Патша бар деп ойлады, бірақ Иса әлдеқашан қауіпсіз жерде еді. Біраз уақыт өткен соң Ирод қайтыс болды.
Иродтың өлімінен соң Құдай Жүсіптің түсіне тағы да періштені жіберіп, қауіптің сейілгендігі жайлы хабар бергізіп, олардың Исраилге қайта оралуына болатынын айтты. Жүсіптің отбасы қайта оралып, Назаретте орналасты. Сол жерде Иса ер жетті.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақҒұламалар аспанда қандай таңғажайып нәрсені көрді?
Иерусалимде олар кімді тапқылары келді?
Олар кімге келді?
Олар Исаға қандай сыйлықтар әкелді?