
Даладағы бақташылар
Лұқа жазған Ізгі хабар 2:8-20
Бетлехем өңірінде бақташылар мал бағып жүрді. Кеш батып, қараңғы түсті. Бірақ оларға ұйықтауға болмайтын: айналасында кішкентай қозыларды ұрлайтын жабайы аңдар бар еді. Әр түні, кез келген ауа райында бақташылар ұйықтамай, отарларын күзететін. Не болып жатыр? Жарқыраған сәуле қайдан пайда болды? Жарқыраған әлдебіреу аспаннан жерге түсіп келе жатқан сияқты! Бақташылар шошып кетті. Бұл – Құдайдың періштесі ғой!
Міне, періште оларға тіл қатып:
– Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ: бүгін Дәуіттің қаласында сендердің Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол – Иеміз Мәсіх! Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені көресіңдер, – деді.
Бақташылар көптен күткен Құтқарушы дүниеге келгенін естіп таңғалды. Бұл – нағыз жаңалық! Бірақ кейін олар тағы бір ерекше нәрсе естіді: Сол Нәрестені көру үшін оларға зәулім сарайға бару қажет емес еді, олар Оны ақырдан табады. Демек, олар алдымен қораны іздеп табуы керек болатын.
Періштелер «Заңғар көкте Құдай мадақталсын! Жер жүзінде Өзі риза болған адамдарға тыныштық болсын!» деп, Құдайды дәріптеді. Бұл бұрын-соңды естімеген, әлемдегі ең керемет ән еді.
Содан соң періштелер ғайып болды. Бақташылар бір-біріне қарап: – Жүріңдер, Бетлехемге барайық. Оны өз көзімізбен көрейік! – деп шешті.
Олар бұл хабарды Құдайдың Өзі жариялағанына нық сенді. Бақташылар өз малдарын Құдайдың Өзі сақтайды деген сеніммен сол жерде қалдырып, Бетлехемге қарай асықты. Олар онда бір қораны тауып алып, өздеріне айтылғанның бәрін көздерімен көрді. Ол жерде Мәриям, Жүсіп және ақырда жатқан Нәресте болды. Бақташылардың жүректері қуанышқа толды, себебі көптен күткен Мәсіхті – Құдайдың Ұлы, Иса Құтқарушыны бірінші болып көру бақыты бұйырды.
Сол өңірде далада түнеп, отарларын күзеткен бақташылар болды.
Кенеттен оларға Жаратқан Иенің періштесі келіп, олардың айналасына Жаратқан Иенің салтанаты нұрын шашты. Бақташыларды қатты қорқыныш биледі.
Періште оларға мынаны айтты: «Қорықпаңдар! Мен сендерге адамдардың бәріне ортақ ұлы қуанышты жариялаймын: бүгін Дәуіттің қаласында сендерге Құтқарушы дүниеге келді. Ол – Иеміз Мәсіх.
Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені табасыңдар». Кенеттен періштенің қасына аспан әскерінің үлкен бір тобы келіп, Құдайды былай деп мадақтады: «Аспанда Құдай мадақталсын! Жерде тыныштық орнасын, адамдар Оның рақымына ие болсын!»
Лұқа 2:8-14
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақТүнде далада кімдер болды? Олар онда не істеп жүрді?
Періштені бақташыларға кім жіберді? Періште оларға не деді?
Періштелер не туралы шырқады?
Періштенің сөздеріне бақташылар сенді ме?
Олар Исаны көруге асықты ма әлде таңның атуын күтті ме?