Ақырдағы нәресте

Ақырдағы нәресте

Лұқа жазған Ізгі хабар 2:1-7

Құдай Рим патшасы Августтың жүрегіне жер жүзінің барлық тұрғындарына салық салу үшін, тізімге тіркелуге алу туралы ой салды. Сол себепті әр адам өз туған жеріне барып, аты-жөнін тіркетуі керек болды.

Жүсіп пен Мәриям сол кезде Назаретте өмір сүретін.

– Менің отбасымның шығу тегі Бетлехемнен екенін білесің ғой. Мен бұрын осы елде патшалық еткен Дәуіттің алыс туысқаны болып келемін, сол себепті мен Бетлехемге баруым керек, – деді Жүсіп Мәриямға.

– Әдетте мұндай сапар қиын болмас еді. Бірақ, сен білесің ғой, менің босанатын уақытым жақындап қалды. Жол жүру оңай емес, ал бала жат жерде дүниеге келсе, бұл қиын болар еді, – деп күрсінді Мәриям.

– Мәриям, мен әрқашан сенің жаныңда боламын. Сонымен қатар періште де сен босанатын баланың Құдайдың Ұлы болатынын айтты. Құдай бізді тастауы мүмкін емес, – деп жұбатты оны Жүсіп.

Сөйтіп Мәриям мен Жүсіп жолға шықты. Олардың есектері болғанымен, өте жай жүріп, сапарлары ұзаққа созылды. Олар Бетлехемге жеткенде түнейтін жер іздеді.

– Кешіріңіз, – деді Жүсіп үйдің алдында жүрген қожайынға, – сіздің үйіңізде бір бөлме табылар ма екен?

– Өкінішке орай ешбір бөлме бос емес, – деді қожайын.

– Бос емес пе? Енді біз қайда түнеп шығамыз? Бірақ сізде қандай да болса, бір тар бөлме немесе үйшік те жоқ па?

Білесіз бе, менің әйелім көп ұзамай босанады, бүгін түнде босанып қалуы да мүмкін! – деді Жүсіп.

Қожайын: – Өкінішті. Мен саған да, әйеліңе де қуана-қуана көмектесер едім. Бірақ менде ешқандай бос бөлме жоқ, – деді.

Мәриям Жүсіптің қолынан ұстап:

– Бірақ біз далада қала алмаймыз ғой! Мұнда тым салқын екен,мен сәбиді уайымдап отырмын! – деді.

Қожайын жақындап келіп:

– Сендерді далада қалдыра алмаймын. Менің ауламның төменгі жағында бір қора бар. Сонда сабанның үстінде орналассаңдар болады, ал малдар сендерді жылытады.

– Жақсылығыңыз үшін көп рахмет! – деп Жүсіп пен Мәриям алғысын айтты.

Ал түнде таңғажайып нәрсе болды: әлемді жаратып, барлығын Өз қолында ұстап тұрған Құдайдың Ұлы кішкентай Нәрестеге айналды. Оған қорадағы сабанның үстінде жатуына тура келді. Әрине, Нәрестенің түріне қарап, Оны Құдайдың Ұлы деп ешкім ойламас еді. Мәриям Оны сиырлар мен есектер шөп жейтін ақырға жатқызды.

Жүсіп Мәриямға қарап:

– Осы Нәресте жайлы періштенің саған не айтқаны есіңде ме? Бұған сену қиын, Ол өте кішкентай осындай жерде дүниеге келді.

– Жүсіп, бәрі рас қой, – деді Мәриям жәй ғана. – Құдай айтқандай бәрі де орындалады.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Римнің императоры кім еді?

  2. Яһудилер қайда баруға тиіс болды?

  3. Иса қай жерде дүниеге келді?

51. Ақырдағы нәресте00:00 / 03:34