
Лаулап жанып тұрған пеш
Даниял пайғамбар кітабы, 3 тарау
Көп ұзамай Набуходоносор патша Даниялдың Құдайы – жалғыз тірі Құдай екенін ұмытып кетті. Ол адамдар мүсінге табынсын деп, алтын мүсін жасауды бұйырды. Той жасап, көптеген қонақтарды шақырды. Олардың арасында Даниялдың достары да бар еді. Күй басталғанда адамдардың бәрі алтын мүсінге табынуы тиіс, ал кімде-кім табынбаса лаулап жанып тұрған пешке тастайтыны жарияланды. Мейрам басталды, күй естілгенде тек үш жігіттен басқа адамдардың бәрі мүсінге табынды. Қызметшілер бұл туралы патшаға жеткізді. Осыны естігенде Набуходоносор патша қатты ашуланып, Шадырақ, Мисақ және Әбдінегоны алып келуді бұйырды. Алдына келген үш жігітке патша:
– Сендер не мүсінге табынасындар, не лаулап жанып тұрған пешке лақтырыласыңдар! Сонда сендерді қандай Құдай менің қолымнан құтқарып алады? – деп ашуланып айқайлады.
Шадырақ, Мисақ және Әбдінего Набуходоносорға былай деп жауап қайырды:
– Уа, патша, бұл мәселе бойынша сіздің алдыңызда қорғануымыздың қажеті жоқ. Қызмет етіп жүрген Құдайымыздың лаулап жанып тұрған пештен бізді құтқарып алуға құдіреті жетеді. Патша, сенің қолыңнан да азат етеді. Тіпті солай болмаса да, мынаны біліп қойыңыз, уа тақсыр: сіздің құдайларыңызға табынбаймыз, сен орнатқан алтын пұтқа да тағзым етпейміз!
Набуходоносор олардың жауабына ашуланып, пешті бұрынғыдан жеті есе ыстық етіп жағуына әмір етті. Содан соң әскерінің ішіндегі ең мықты жауынгерлердің бірнешеуіне сол үш жігітті байлап-матап, лаулап жанып тұрған пешке тастауға бұйырды. Пештің ыстық болғаны соншалық, Шадырақ, Мисақ, Әбдінегоны пешке лақтырып жатқан адамдардың өздері отқа күйіп өлді. Бұған қарап тұрған Набуходоносор патша кенет таңғалып, орнынан ұшып тұрып, қасындағы кеңесшілерінен:
– Біз байлатып, отқа лақтыртқан адам үшеу емес пе еді? – деп сұрады.
– Иә, – деді олар.
– Қараңдар, мен от ішінде емін-еркін, аман-сау жүрген төрт адамды көріп тұрмын! Ал төртіншісі құдайдың баласы іспетті екен! – деп айқайлап жіберді. Содан ол лаулап жанып тұрған пештің аузына қарай барып:
– Уа, Шадырақ, Мисақ, Әбдінего – Құдайдың қызметшілері, шығып бері келсеңдер екен, – деп шақырды.
Үшеуі оттан шықты да, патшаның алдына келді. Аймақ әміршілері, қолбасшылар, әкімдер және патшаның кеңесшілері үш жігіттің қасына келіп, оттың оларға ешқандай зиян тигізбегеніне көздері жетті. Үшеуінің шаштары да күймепті, шапандары да өртенбепті, тіпті оттың иісі де оларға сіңбепті. Бұл ғажап нәрсе болды, себебі ең мықты әскерлер пештің ішіне түспей-ақ өлді.
Набуходоносорға яһуди жігіттерінің табынатын Құдайының құдіретін мойындауына тура келді.
Ол дауыстап:
– Шадырақ, Мисақ, Әбдінего сиынған Құдай мадақталсын! Ол періштесін жіберіп, Өзінің қызметшілерін құтқарып алды. Олар өздері сиынған Құдайға толық сенім артып, өзге құдайларға ғибадат етіп табынудан бас тартты, әрі патшаның бұйрығына бағынбай, тіпті өмірлерін қиюға да дайын болды! – деді.
Набуходоносор үш жігітті бұрынғыдан да жоғары лауазымды қызметтерге қойды.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақПатша қандай жарлық шығарды?
Неліктен Даниялдың достары алтын мүсінге табынудан бас тартты?
Құдай оларды қалай құтқарды?
Құдайдың оларды құтқарғанын көрген патша не деді?