Бабылдағы құлдық

Бабылдағы құлдық

Патшалықтар туралы 4-ші жазба, 24 тарау

Сүлейменнің бай әрі ұлы елде патшалық құрған кезінен бері шамамен үш жүз жылдай уақыт өтті. Ол дүние салған соң патшалық екіге бөлінді. Әрине, ең басты қала Иерусалим қаласы болып қала берді. Иерусалимде Сүлеймен құрған киелі үй болды. Енді бұл жер Яһудея деп аталды.

Өкінішке орай, патша да халық та Құдайдың жолынан кері бұрылып, Оның өсиеттерін орындамай өзге құдайларға, жалған тәңірлерге табынды. Құдайдың пайғамбарлары халықты әшкерелеп, тәубеге шақырды, бірақ ешқайсысы оларды тыңдамады.

Содан соң елді бабылдықтар жаулап алды.

Бабыл патшасы. Набуходоносор яһудилердің ең қауіпті жауларының бірі болды. Ол Иерусалимге әскерлерімен бірге келіп, патшаны тұтқындап, Сүлеймен патша Жаратқан Иенің ғибадатханасына арнап жасатқан алтын бұйымдардың барлығын алып кетті. Бабылдағы жалған құдайлардың ғибадатханасына апарып өткізді. Бабылдықтар сонымен қатар Сүлейменнің сарайындағы және киелі үйдегі барлық алтындарды алып кетті. Бәрін тонап, патша сарайын, киелі үйді және барлық әйгілі яһудилердің үйлерін де жағып жіберді.

Набуходоносор елдің абыройлы адамдарының балаларын, соғысқа жарамды батыл да мықты жеті мың жауынгерді және көптеген ағаш ұсталары мен темір ұсталарын өз еліне айдап әкетті. Сөйтіп Яһудея мен Иерусалим Набуходоносорға бағынышты болды.

Жаратқан Ие осылай мойынсұнбайтын және күнәға батқан Өз халқын жазалады. Тұтқында болған Исраил халқы Жаратқан Иенің – шынайы Құдай екенін, ал пұттар – жалған құдайлар екенін мойындау керек болды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Құдайдың халқы Оған адал болды ма?

  2. Яһудилердің ең басты дұшпаны кім болды?

  3. Бабылдықтар Иерусалиммен не істеді?

43. Бабылдағы құлдық00:00 / 02:12