
Ниневи тұрғындарының тәубеге келуі
Жүніс пайғамбар кітабы, 3 тарау
Бірнеше аптадан кейін Жүніс үлкен қаланың көшелерін аралап жүріп, Құдайдың өзіне айтқан сөздерін халыққа жариялап:
– Қырық күннен кейін Ниневи қаласы қирайды, – деді.
Бірақ бір қызығы, оған ешкім күлмеді, ешкім оны ұрмақшы да, өлтірмекші де болмады. Адамдар оның айтқандарына сенді. Оның айтқандары шындық еді. Олар басқа елдерге шабуыл жасап, көптеген зұлым істер істеді. Сондықтан олардың істеген жамандықтары жазасыз қалмайтынын түсінді.
Құдайдың соты туралы айтқан Жүністің сөздерін патша да естіді.
– Бүкіл халық Құдайға сиынып, Одан кешірім сұрасын! Мүмкін, Ол бізге рақым етер. Барлығы ораза ұстап, қымбат киімдердің орнына азалы киім кисін, – деді патша.
Қырық күн өткен соң Жүніс қаланың сыртындағы бір төбеге шықты да, Ниневидің қиратылуын күтті. Бірақ ештеңе болмады. Күннің батуына аз қалды, ал Ниневи орнында тұрды. Сонда Жүніс ашуланды. Не үшін онда ол қырық күн бойы Құдайдың соты жайлы жариялау керек болды? Ниневидің зұлым тұрғындары өлсе, әділ іс болар еді.
Күн қатты ыстық болды, бұл да оның ашуын келтірді. Бірақ келесі күні ол ұйқыдан тұрғанда бір бұтаның өсіп шыққанын көрді. Соның көлеңкесінде барып отырған Жүніс өзін жақсы сезінді.
Бұл бұтаны Құдай өсірген еді. Алайда келесі күні Құдай бұтаның қурап қалуына жол берді.
Жүністің қайғырғаны сонша, тіпті ол өлуге де дайын болды. Сонда Құдай оған:
– Міне, көрдің бе, сен өзің еңбектеніп өсірмеген бір бұта үшін ренжіп отырсың. Ал Мен Ниневидегі соншама адамға жаным ашымай ма? – деді.
Сонда Жүніс Құдайдың өте шыдамды, мейірімді және кешірімді екенін түсінді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақНиневиде Жүніс не туралы уағыздады?
Ниневидің тұрғындары сол уағызға қалай қарады?
Құдай Ниневимен не істеді?