Жүністің қашуы

Жүністің қашуы

Жүніс пайғамбар кітабы, 1-4 тарау

Ерте заманда Құдай Өзінің Сөзін патшаларға немесе бүкіл халыққа жеткізу үшін ерекше адамдарды, яғни пайғамбарларды таңдады. Олар Құдайдың бұйрықтарын орындау керек болатын. Сондай пайғамбарлардың бірі – Жүніс есімді адам болды.

Бір күні Құдай оған ерекше тапсырма беріп:

– Жүніс, Ниневиге бар да, Құдай сөзін сонда жарияла! – деді.

Алғашында Жүніс «Мен дұрыс естідім бе? Ниневиге ме?» деп ойлады. Ниневи көршілес Ассирияның ең үлкен қаласы болатын. Ол жерде уағыздау мүмкін емес. Ол елдің тұрғындары оны мазақ етеді. Ол жерде оны ұрып немесе өлтіріп тастауы да мүмкін.

– Жоқ, Ниневиге мен ешқашан бармаймын! – деп шешті Жүніс. Құдайдың тапсырмасын орындамау үшін ол Құдайдан қашып, басқа жат елге барып, Одан жасырынбақ болды. Ол жол ақысын төлеп, кемеге мініп, алыстағы елге бет алды.

Басында бәрі жақсы болды, ешқандай апат болмайтын сияқты көрінді. Бірақ Жаратқан Ие теңізге қатты жел жіберіп, сұрапыл дауыл тұрғызды.

Теңізшілер қорқып кетті. Әрқайсысы өз құдайына жалбарынып:

– Бізді құтқаршы! – деп айқайлап жатты.

Бірақ дауыл тоқтамады. Ал Жүніс ше? Ол тірі Құдайды білетін еді ғой! Ол да өз Құдайына сиына бастады ма? Жоқ, ол Құдайға сиынғысы келмеді. Жүніс ұйықтау үшін кеменің төменгі қабатына түсті. Міне, оны кеменің бастығы келіп оятып:

– Кәне, егер сенің Құдайың бар болса, орныңнан тұр да өзіңнің Құдайыңа сиын! Сен біздің суға батып бара жатқанымызды көрмей тұрсың ба? – деді.

Жүніс осы дауылдың өзіне және өзінің қашып бара жатқанына қатысы бар екенін сезді. Бірақ Құдаймен тілдесуді ол әлі де қаламады.

Кеменің үстінде теңізшілер тұрды. Олардың арасындағы біреу:

– Келіңдер, жеребе тастайық, сонда бұл дауыл кімнің кесірінен болғанын білеміз! – деп айқайлады.

Жеребе Жүніске түсті. Олар Жүністен:

– Сен кімсің, Құдай сенімен қоса бізді де жазалайтындай сен не істеп қойдың? – деп сұрады.

– Мен аспан мен жерді, және теңізді Жаратқан тірі Құдайға қызмет ететін адаммын! – деді Жүніс.

– Қазір мен Одан қашып бара жатырмын. Мені Ол Ниневиге жіберді, бірақ мен ол жаққа баруды қаламаймын.

Теңізшілер мына адаммен не істерін білмей үндемей тұра берді.

Ал Жүніс оларға:

– Мені теңізге тастаңдар! Сонда дауыл басылады. Себебі бұл апат менің кесірімнен болып жатыр, – деді.

– Жоқ, біз мұны жасай алмаймыз, – деді теңізшілер. Бірақ олар қанша тырысса да, дауылға қарсы тұра алмады. Сонда олар Құдайдан кешірім сұрап, Жүністі теңізге лақтырды.

Сол сәтте дауыл басылып, теңіз тынышталып қалды. Басында теңізшілер тіпті де сенбеген болатын, бірақ бұдан кейін олар тізерлеп отырып шынайы Құдайға сиынды.

Ал Жүніс ше? Ол батып кетті ме?

Жоқ! Құдай оның өлгенін қаламады, Ол оның Ниневиге барып уағыздағанын қалады. Сол сәтте үлкен алып балық келіп Жүністі жұтып қойды. Жүніс балықтың ішінде үш күн және үш түн болды. Ал үш күннен соң оны теңіздің жағасына әкеліп шығарып тастады.

– Құдай қандай ұлы! – деп ойлады жағада отырған Жүніс. – Ол дауылға да, теңіз жануарларына да бұйрық бере алады, бәрі де Оған бағынады!

Содан ол Ниневиге қарай бет алды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Не үшін Жүніс Ниневиге баруды қаламады? Ол қалай және қайда қашты?

  2. Не үшін дауыл болды?

  3. Дауыл не үшін тоқтады? Жүніс жағаға қалай жетті?

41. Жүністің қашуы00:00 / 04:15