Сәба патшайымы

Сәба патшайымы

Патшалықтар туралы 3-ші жазба, 10 тарау

Сүлейменнің атағы мен оның Жаратқан Иеге арнап салған киелі үйі туралы хабар жердің түкпір-түкпіріне дейін тарады. Көп адамдар керемет Киелі үйді көру және Сүлейменнің даналығын тыңдау үшін Иерусалимге ағылды.

Солардың ішінде Сәба патшайымы да бар еді.

Сәба патшайымы өте бай әйел еді. Бұл оның Сүлейменге әкелген сыйлықтарынан көрініп тұрды. Оның түйелеріне хош иісті заттар мен мол алтын және асыл тастар артылды.

Сүлеймен қонақты құрметпен қарсы алып, сарайына кіргізді.

Сәба патшайымы оған әртүрлі сұрақтар қойып, жүрегіндегінің бәрімен бөлісті. Сүлеймен солардың бәріне жауап берді. Патша білмеген және түсіндіре алмаған бірде-бір сауал болған жоқ. Сәба патшайымы Сүлейменнің асқан даналығын және салғызған сарайын көріп, қайран қалды. Ол патшаның дастарқанындағы дәмді тағамдарды, уәзірлерінің мәжілістерін, сәнді киінген қызметкерлерін және Сүлейменнің Киелі үйге барып құрбандық шалғанын көрді. Патшайымның таңғалғаны сонша, демін ала-алмай үнсіз қалды. Содан ол патшаға тіл қатып былай деді:

– Сіздің іс-әрекеттеріңіз бен даналығыңыз туралы елімде жүріп, естігендерімнің бәрі де шындық екен. Алайда келіп, өз көзіммен көргенге дейін ол сөздерге сенбеген едім. Расында оның тіпті жартысы туралы да естімеппін! Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз менің естігенімнен де зор болып шықты! Мына адамдарыңыз қандай бақытты! Әрқашан қасыңызда жүріп даналығыңызды тыңдай алатын нөкерлеріңіз қандай бақытты! Сізге риза болған әрі Исраилдің патшалық тағына отырғызған Құдайыңыз Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқан Ие Исраилді шексіз сүйеді. Сол себепті сізді әділдік пен адалдықты ұстанатын патша етіп қойды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Неліктен Сәба патшайымы алыс сапарға аттанды?

  2. Исраилде оны не таңғалдырды?

  3. Сүлейменге ол не айтты?

40. Сәба патшайымы00:00 / 02:31