Сүлейменнің даналықты таңдауы

Сүлейменнің даналықты таңдауы

Патшалықтар туралы 3-ші жазба, 2-3 тарау

Дәуіт патша қайтыс болар алдында Иерусалимге Исраил халқының барлық көсемдерін шақырып алды. Оларға өзінің Құдайға арнап киелі шатырдың орнына ғибадатхана тұрғызу жоспары бар екенін айтты. Бірақ Құдай Дәуіттің ғибадатхана тұрғызуына рұқсат етпеді, себебі ол шайқастарға қатысып, көп қан төкті.

– Ал менің ұлым Сүлеймен сол ғибадатхананы тұрғызады. Егер балам Оның өсиеттерін орындап жүретін болса, Құдай оны тастамайтынын айтты, – деді Дәуіт.

Ол елді Құдайдың өсиеттерін орындап жүруге, Оған бар жүрегімен қызмет етуге шақырды. Халықтың бүкіл ел басқарушылары мен Дәуіттің барлық ұлдары, жаңа патша Сүлейменге мойынсұнуға уәде берді.

Жаратқан Ие Сүлейменге батасын беріп, Сүлеймен керемет патшалардың бірі болды. Оны барлығы жақсы көрді және бүкіл халқы оны құрмет тұтты.

Сүлеймен халықтың алдында Құдайға ризашылық білдіріп, Оған құрбандық шалды. Түнде ұйықтап жатқанда Сүлейменнің түсіне Жаратқан Ие кірді. Ол жас патшаға:

– Менен қалағаныңды сұра, – деді. Сонда Сүлеймен Оған:

– Сен әрқашан менің әкемнің қолдаушысы болдың және мені одан кейінгі патша етіп тағайындадың. Бірақ мен жас әрі тәжірибесіз патшамын, сондықтан сенен сұрарым: Өзіңнің құлыңа Сенің халқыңды ақылмен басқара алуым үшін оларға төрелік айта алатын және жақсылық пен жамандықты ажырата алатын дана жүрек бере гөр, – деді.

Сүлейменнің өтінішіне Құдай:

– Сен Менен байлық пен ұзақ ғұмыр емес, даналық сұрағандықтан, Мен сенің қалауыңды орындаймын. Оған қоса, Мен саған дүние жүзінде ешбір патша ие болмаған, келешекте де ие бола алмайтын байлық пен даңқ беремін. Егер сен әкең Дәуіт сияқты, Менің өсиеттерімді орындасаң, Мен сенің өмір жасыңды ұзартамын, – деп жауап қатты.

Сүлеймен ұйқысынан оянып кетіп, Құдайға түсінде берген уәдесі үшін алғыс айтты.

Бір күні патшаның алдына екі әйел бір бала үшін дауласып келді. Олар патшадан екеуінің дауын шешіп беруін сұрады. Олардың бірі патшаға:

– Біз бір үйде тұрамыз, біздің балаларымыз бір уақытта дүниеге келді. Бір күні түнде мына әйелдің сәбиі шетінеп қалды. Ол өз сәбиінің шетінеп қалғанын білгенде, мен ұйықтап жатқанымда менің сәбиімді алып, орнына өзінің өлі сәбиін жатқызып қойған, – деп шағымданды.

Ал екінші әйел:

– Жоқ, менің сәбиім тірі, сенің сәбиің өлді, – деді.

Олар патшаның алдында осылай дауласа берді.

Бұл өте ауыр сұрақ еді, барлығы патшаның шешімін күтіп отырды. Сүлеймен өзінің қызметшісіне бұйрық беріп:

– Қылышты әкел де, мына баланы шауып екіге бөл, сонан соң сол бөліктерді екеуіне бер! – деді.

Сонда сәбиі шетінемеген әйел айқайлап:

– Мырзам менің! Мына тірі баланы оған бере салыңыз! Тек оны өлтіре көрмеңіз! – деді.

Ал екінші әйел:

– Маған да саған да болмасын, өлтіріңіз! – деді.

Осылай патша баланың шынайы анасы кім екенін білді. Анасы баласын өзіне қайтарып алды.

Сонда осы патшаның төрелігін бүкіл Исраил естіп, патшаны одан бетер құрметтейтін болды. Себебі оның төрелік ететіндей, Құдайдан келген даналығы бар екеніне көздері жетті.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Не үшін Құдай Дәуіттің ғибадатхана соғуын қаламады?

  2. Сүлеймен Құдайдан не сұрады?

  3. Сүлеймен әйелдердің ұрыс-керісін қандай жолмен шешті?

38. Сүлейменнің даналықты таңдауы00:00 / 04:05