Үңгір

Үңгір

Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 24 тарау

Енді Дәуіт өзіне қауіпсіз жер іздеді. Ол қайда барса да, бәрі оны танып қойып, ол жайлы хабар тез тарайтын болды. Бірақ Дәуіттің қасына көптеген жауынгерлер жинала бастады. Бір күні олар тауда бір үңгірдің алдында жасырынып отырды, сол кезде өздеріне жақындап келе жатқан әскерлерді көрді.

– Бұл – Саул. Ол мені өлтіру үшін іздеп жүр. Жасырыныңдар! – деді Дәуіт.

Жауынгерлер тездетіп үңгірге жасырынып қалды. Кіре берісте тұрған күзетші олардың соңынан ере бастап:

– Патшаның өзі осында келе жатыр. Дәуіт, бұл сенің мүмкіндігің! Сен оны өлтіре аласың! Ол жалғыз өзі және саған қарсылық көрсете алмайды. Сонда үш мың әскер сенің қолыңда болады, – деді ол толғанып.

– Тыныш! – деп үзіп жіберді Дәуіт.

Барлығы тынышталды. Қараңғыда олар үңгірдің кіреберісін аңдып отырды: міне, Саул патшаның кіріп келе жатқаны анық көрінді Дәуіт өзінің сарбаздарына:

– Осында қалыңдар! – деп сыбырлап алдыға қарай жылжыды.

Дәл осы жерде Саул көзден таса болып, тастың артында тұрды. Дәуіт сол жерге дейін барып, Саулдың киімінің бір шетін өзінің өткір қылышымен кесіп алып, қайтып кетті.

– Неліктен Саулды өлтірмедің? – деп сыбырлап сұрады жауынгерлері.

– Құдай оны патшалыққа майлаған. Құдай таңдағанды мен өлтірмеймін, – деді Дәуіт.

– Бірақ Құдай одан әлдеқашан бас тартып, сені таңдап қойған! – деді жауынгері.

– Иә. Сол себепті Құдайдың Өзі белгілеген уақытта мені таққа отырғызады. Мен ол істі өз қолыма өзім алуыма болмайды, – деді Дәуіт.

Барлығы кіреберіске қарап тұрды. Саул үңгірден шықты.

– Осында қалыңдар! – деп Дәуіт, бұйрық берді де оның артынан кетті. Ол жарыққа шыққан кезде Саул өз әскерімен бірге төменде екенін көрді.

– Менің патшам! – деп, Дәуіт Саулға жерге дейін иіліп тағзым етті. – Неліктен маған қарсы зұлымдық ойлап жүрсің? Менде дәл қазір сені өлтіретін мүмкіндік болды, – деп айтып, Дәуіт патшаның киімінің бір бөлігін жоғары көтеріп көрсетті. Саул қорқып кетіп, өзінің киіміне қарап еді, шынымен де оның киімінің бір шеті кесілген болып шықты.

Саул жылап жіберді де:

– Сен маған қарағанда әділсің! Осы іс-әрекетіңмен сен маған қарсы зұлымдық емес, қайта, жақсылық ойлайтыныңды дәлелдедің! Мен сенің патша болатыныңа сенімдімін! Менің отбасымды құртпайсың деп уәде бер! – деді ол дірілдеген дауыспен.

– Уәде беремін! – деді Дәуіт.

Саул Дәуіттің кеңпейілдігіне таңданып, бүкіл әскерлерін шақырды. Ол Дәуіттің артынан аңдауды тоқтатуды бұйырды. Олар сол сәтте кері бұрылды да, өз жөндерімен кетті, ал Дәуіт олардың соңынан ұзақ қарап тұрды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Дәуіт қай жерде жасырынды?

  2. Дәуіттің Саулға деген карым-қатынасы қандай болды?

  3. Неліктен ол Саулды өлтірмеді?

36. Үңгір00:00 / 03:25