
Дәуіт пен Саул
Патшалықтар туралы 1-ші жазба, 19:1-10
Сол жеңістен кейін Дәуіт патшаның қасында қызмет етуді жалғастырды. Ол патшамен бірге бір дастарқан басында бірге тамақтанып, Саул онымен әңгімелесіп, кейде тіпті одан ақыл да сұрайтын. Уақыт өте келе Дәуіт қару-жарақты қолдануды үйреніп алды, икемі бар жауынгер болып өсті. Дәуіттің барлық істері мен сөздері Саулға және оның қызметшілеріне ұнайтын, ақырында оны патшаның жауынгерлерінің бастығы етіп қойды. Бірақ Дәуіт үшін Саулдың ұлы Жонатанмен уақыт өткізген маңыздырақ болатын, ол оның ең жақын досы болды.
– Менің сауытымды киіп, қылышым мен садағымды ал, бұл біздің достығымыздың белгісі болсын, – деді Жонатан Дәуіттің жеңісінен кейін.
Осы күннен бастап Дәуіт пен Жонатан ең адал достар болды. Олардың екеуі де осы достықтарын өте жоғары бағалады.
Халық та Дәуітті ұнатты, еркектер де, әйелдер де, балалар да Саул патшаға қарағанда Дәуітке көбірек таңданды. Бұл патшаны ашуландырып, оның қызғанышын тудырды.
Бір күні Саул мен Дәуіт дастарқан басында отырғанда, патша кенеттен ашуға берілді. Дәуіт патшаны тыныштандыру үшін тездетіп өзінің арфасын алды. Бірақ бұл көмектеспеді. Өйткені оның ашулануының бірден бір себепшісі Дәуіттің өзі болды. Өзіне қарама-қарсы арфамен отырған жас жігітті көріп патша өзін ұстай алмады. Патша найзасын суырып алды да бар күшімен Дәуітке қарай лақтырды. Бірақ Дәуіт қорғанып бүгіліп қалды, найза ұшып барып қабырғаға қадалды. Бұл Саулды одан бетер ашуландырды.
Дәуіт жылдамдатып көзден таса болмағанда, ол өзінің екінші найзасын алып Дәуітке сұғып алар еді.
– Енді мен Дәуітті көргім келмейді! Ол філістірлермен бұл жерден алысырақта шайқассын, – деп айқайлады патша.
Жаратқан Иенің Дәуітпен бірге екенін көрген Саул қорқып кетті. Сол себепті ол Дәуітті өзінің қасынан алыстатты.
Бұл Дәуіт үшін жақсы болды. Кейін егер ол сол жерде қалса, қауіптен құтыла алмаушы еді. Бірақ Саул өз уәдесін орындағанын айта кетуіміз керек. Дәуіт Саулдың қызы Мелхолаға үйленді.
Соған қарамастан Дәуіттің қашуына тура келді, себебі Жонатан өзінің әкесі Дәуітті ұстап алып өлтірмек екенін оған айтып, оны хабардар етті.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЖонатан Дәуіт пен Саулға кім болды?
Неліктен Саул Дәуітті жек көрді?
Саул Дәуітке қарсы не істемек болды?