
Иордан өзені арқылы өту
Нұн ұлы Ешуаның кітабы, 3-4 тарау
Нұн ұлы Ешуа исраилдіктермен бірге таңертең Иорданға аттанды. Иорданның жағасына жайғасып олар өзен арқылы өтуге дайындалды. Ешуа халқына алдымен күнәларынан тазару керектігін жариялады, өйткені Құдай керемет жасағысы келді.
Келесі күні Жаратқан Ие Ешуаға былай деді:
– Бүгін Мен бүкіл Исраилдің көз алдында Мұсаға көмектескенімдей саған да көмектесетінімді көрсетемін. Ал енді, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге: «Иорданның жағасына жеткенде өзенге түсіп, сол жерде тұра қалыңдар!» – деп бұйыр, – деді.
Сонда Ешуа діни қызметкерлерге Келісім сандығын көтеріп халықтың алдында жүруін бұйырды. Ал халыққа ол былай деді:
– Осы күні сендер Құдайдың кереметтерін көресіңдер, сендердің араларыңда тірі Құдай Жаратқан Ие бар екенін білетін боласыңдар! Келісім сандығы сендердің алдарыңда Иордан арқылы жүріп отырады. Енді Исраилдің руларынан бір-бір адамнан, он екі адамды таңдап алып, белгілеңдер. Сонда бүкіл әлемнің Иесі – Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан діни қызметкерлердің аяқтары Иордан өзенінің суына түсісімен, өзеннің жоғарғы жақтан ағып келе жатқан суы бөгеліп, бір жерге жиылып тұра қалады.
Сонымен Келісім сандығын көтеріп келе жатқан діни қызметкерлер Иорданның жағасына жетіп, аяқтары суға малынған кезде, жоғарғы жақтан ағып келе жатқан су бөгеліп, бір жерге үйілгендей жиылып тұра қалды. Содан өзеннің төменгі алқаптағы Өлі теңізге қарай ағып жатқан суы сарқылып қалды. Осылайша халық Иордан өзенін кесіп өтіп Иерихонның қарама-қарсы тұсынан шықты. Исраил халқы түгелдей құрғап қалған өзен арнасымен арғы бетке өтіп болғанша, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иордан өзенінің ортасындағы құрғақ жерде қозғалмастан тұра берді.
Жаратқан Ие Ешуаға халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір- бір адамнан шақырып алып, оларға мынадай бұйрық берді:
– Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар да, бүгін кешке халық түнейтін жерге апарып ескерткіш ретінде қойыңдар.
Басқа он екі тастан Ешуа діни қызметкерлер Келісім сандығын ұстап тұрған жерде Иордан өзенінің ортасына ескерткіш орнатты. Халық өзеннен тездетіп өте шықты. Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты. Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып, тасып аға жөнелді.
Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып, исраилдіктерге:
– Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» – деп сұраған кезде, оларға: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті», – деп айтып түсіндіріңдер, – деді.
Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғатып тұрған еді. Ол жер бетіндегі барлық халықтар Жаратқан Иенің зор құдіретін білуі үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақХалықтың алдында Келісім сандығын кімдер көтеріп жүру тиіс еді?
Иордан өзенінің суымен не болды?
Иордан өзенінің жағасын қандай ескерткіш орнатты? Ол нені білдіреді?