Иерихонды жаулап алу

Иерихонды жаулап алу

Нұн ұлы Ешуаның кітабы, 5, 6 тараулар

Исраилдіктерден қорыққандықтан Иерихон тұрғындары қала қақпаларын бекітіп алды. Қақпадан ешкім кірмеді де, шықпады да.

Сонда Жаратқан Ие Ешуаға:

– Біліп қой, Мен Иерихонды патшасымен, батыл да мықты жауынгерлерімен бірге сенің қолыңа тапсырып отырмын. Сенің күллі жауынгерлерің қаланы алты күн бойы айналып шықсын, діни қызметкерлер Келісім сандығының алдында жүріп кернейлерін тартсын. Жетінші күні қаланы жеті рет айналып шықсын, ал діни қызметкерлер кернейлерін тартсын. Діни қызметкерлер кернейлерді ұзақ тартқанда, бүкіл халық ұрандап, қатты айқай салсын. Сол кезде қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түседі. Сонда халықтың әрбір ер адамы қалаға қарай берсін, – деді.

Сөйтіп Ешуа Құдайдың барлық берген бұйрығын жауынгерлер мен діни қызметкерлерге жеткізді. Сонымен қатар, ол күміс пен алтын, барлық мыс және темір заттардың барлығы Құдайға бағышталғанын айтты. Ешуа халыққа Иерихоннан ешбір зат алмау керектігін айтты, себебі оның жазасы өлім болатынын ескертті.

Бірінші күні жауынгерлер, олардың алдында кернейлерімен бірге жеті діни қызметкер, олардың артында Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер, ал олардың артында исраилдіктер керней тартып жүрді.

Ешуа оларға:

– Мен өздеріңе айқайлауды бұйырған күнге дейін үндемеңдер! Ешқандай дыбыс шықпасын. Ауыздарыңнан тіпті бірде-бір сөз шықпасын! Ал мен бұйрық берген кезде ұрандап айқай салыңдар! – деп ескертті.

Алты күн бойы олар қаланы күніне бір рет үнсіз айналып шықты. Жетінші күні таңертең олар тағы да үнсіз қаланы айналып шығуды бастады, тек діни қызметкерлер ғана кернейлерін тартып жүрді. Қаланы айналып өтіп діни қызметкерлер кернейлерін тартып болған соң Ешуа:

– Айқайлаңдар! – деп бұйырды.

Сонымен халық ұрандап айқайлай бастады. Олар кернейлердің дауысын естігенде, өте қатты айқай салды. Сонда қаланың қамал қабырғасы іргесіне дейін құлап түсті. Тек Рахабтың үйі ғана аман қалды.

Исраилдік жауынгерлер сол сәтте-ақ қаланы басып алды. Ешуа бұрынғы барлаушыларға барып Рахабқа уәде еткендей өзін және оның отбасын алып шығуын бұйырды. Жігіттер оларды тауып алып, Ғылғалдағы исраилдіктерге апарды. Ал Иерихон түгелдей қиратылды.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Исраилдіктер Иерихонды неше күн бойы айналып шығуы тиіс еді?

  2. Олардың алдында кім жүрді? Олардың саны нешеу еді?

  3. Неліктен Рахаб және оның отбасы құтқарылды?

29. Иерихонды жаулап алу00:00 / 03:10