
Рахаб және барлаушылар
Нұн ұлы Ешуаның кітабы, 1-2 тарау
Мұса қайтыс болған соң Исраил халқының жетекшісі Ешуа Нұн болды. Ол халықты уәде етілген жерді жаулап алуға дайындады. Егер Ешуа Құдайдың өсиеттерін орындайтын болса, Құдай оған көмектесуге уәде берді. Құдай оған:
– Қайратты да батыл бол! Абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың – Жаратқан Ие сенімен бірге болып, саған жар болады, – деді.
Ешуа өз халқына үш күндік жолға астық дайындауды бұйырды, себебі олар Иордан өзенінің арғы жағына, Құдай уәде еткен жерге барады, сол себепті ол жер уәделі ел деп аталды. Ешуа сақ болды. Ол алдымен Иорданның арғы жағасындағы ел туралы, әсіресе Иерихон деп аталатын қала туралы біліп келу үшін екі барлаушы жіберуді ұйғарды. Жігіттер қалаға кіріп, Рахаб есімді әйелдің үйінде түнеп қалды, оның үйі қаланың қабырғасында орналасқан еді.
Иерихон патшасы өзінің қызметшілерінен олар туралы естіп, исраилдіктерді тұтқындауға бұйрық берді. Бірақ Рахаб оларды үйінің төбесіне жасырып қойып, патшаның қызметшілеріне қандай да бір адамдар келгенін, бірақ олардың кім және қайдан келгенін білмейтінін, кеш батқанда олардың кетіп қалғандарын айтып:
– Тездетіп арттарынан қусаңдар, жетіп аласыңдар, – деді.
Қызметшілер қуа жөнелді. Ал Рахаб қонақтарына көтеріліп:
– Жаратқан Иенің сендерге осы елді бергеніне көзім жетті. Сендерден төнген зор қорқыныш бізді билеп алды, елдің күллі тұрғындарының зәрелері ұшып әлсіреуде. Сендер Мысырдан шыққанда Жаратқан Иенің Қамысты теңіздің суын алдарыңыздан қалай құрғатқанын естідік. Біздің зәреміз ұшып, батылдығымыздан жұрдай болдық. Себебі сендер сиынған Құдай Жаратқан Ие – аспанда да, жерде де жалғыз Құдай. Ал енді, мен сендерге біраз жақсылық істедім ғой. Сондықтан сендер де мені және отбасымды өлімнен аман-есен сақтауға Жаратқан Иенің атымен ант етіңдер. Соның белгісі ретінде маған бір нәрсе беріңдер, – деді.
Барлаушылар оған оның өзі де, отбасы да құтқарылатынын айтып уәде етті. Рахаб оларды терезеден арқанмен түсіріп жіберді. Олар әйелге қырмызы жіпті терезеге байлап қоюды айтты. Сол жіп Рахаб пен оның үйінде жиналған барлық туыстарының құтқарылуы үшін шартты белгі болады. Содан кейін олар қаладан шығып кетті.
Олар Ешуаға аман-есен жетіп, барлығын айтты. Болған жайтты мына сөздермен аяқтады:
– Жаратқан Ие бүкіл елді еш күмәнсіз қолымызға табыстап берген екен. Елдің тұрғындары бізден зәрелері ұшып әлсіреуде.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЖаратқан Ие Ешуаға не уәде етті?
Қанахан жеріне кірмес бұрын Ешуа не істемек болды?
Барлаушылар қалай құтқарылды?