Мыс жылан

Мыс жылан

Руларды санау кітабы, 21:4-9

Исраил халқы көп жыл шөл далада кезіп жүрді. Кейде Қанахан жеріне жетуге аз қалғанда, бұлт қайтадан басқа жаққа қарай көшетін, сонда олар шөл далаға қайтадан оралатын. Бұл оларды қатты ренжітті, себебі олар осы уәде етілген жерге кіруді армандады. Егер олар күңкілдемегенде, әлдеқашан Қанахан жерінде болар еді, бірақ Құдай оларды осылай жазалады.

Бір күні олар қайтадан Құдайға және Мұсаға қарсы көтеріліп:

– Бізді не үшін Мысырдан алып шықтыңдар? Мына иен далада қырылуымыз үшін бе? Жейтін нан, ішетін су жоқ! Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық! – деді.

Осы үшін Құдай оларға ауыр жаза ретінде оларды шағып өлтіретін улы жыландарды жіберді.

Халық өкініп, Мұсаға келіп:

– Біз Жаратқан Иеге және өзіңізге қарсы сөйлеп күнә жасадық. Мына жыландарды бізден аластата көрсін деп Жаратқан Иеге біз үшін өтініш жасап сиыншы! – деп жалынды.

Содан Мұса халық үшін өтініп сиынды.

Сонда Жаратқан Ие Мұсаға:

– Отқа ұқсаған улы жыланның мүсінін жасап ал да, оны белгі беретін бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қой! Жылан шаққан әркім соған қараса, тірі қалады, – деп бұйырды.

Мұса мыстан жылан мүсінін жасап, оны бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қойды. Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды. Олардың ауыртпалықтары жоғалып, денсаулықтарының қалпына келуі үшін осының өзі жеткілікті еді. Осылайша өлімнен құтқарылғандар орындарынан тұрып Құдайды мадақтады. Бірақ өкінішке орай кейбіреулері сол мыс жыланға қарағанда сауығып кететініне сенген жоқ. Олар сенбегендіктен қарамады да, сол себепті өлді. Өмірді мыс жылан емес, Құдай берді! Адамдардан тек сенім арту мен Оның құтқару әдісін қабылдау ғана талап етілді.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Көп уақыт бойы шөл далада болған исраилдіктер не істеді?

  2. Оларға Құдай жаза ретінде не жіберді?

  3. Жылан шағып алған адамдарды сауықтыру үшін Құдай Мұсаға не істеуді бұйырды?

26. Мыс жылан00:00 / 02:26