Жартастан аққан су

Жартастан аққан су

Руларды санау кітабы, 20, 22-29 тарау

Исраилдіктер көп уақыт шөл далада жүріп, бір жерден екінші жерге көшіп қонып жүрді. Бір күні олар суы жоқ жерге келді. Олар не істеді? Исраилдіктер Құдайға сиына бастады ма, әлде күңкілдеді ме? Олар қандай да бір сынақ келгенде әдеттегідей Мұса мен Һаронға қарсы көтерілді. Олар:

– О, не үшін біз ертерек өліп қалмадық екен? Бізді неліктен Мысырдан шығардыңдар, осы шөл далада өлуіміз үшін бе? Мұнда астық шықпайды, інжір, жүзім, анар дегендерің өспейді! Тіпті ішетін су да жоқ! – деп шағымданды.

Олар өздерінің сенімсіздіктері үшін шөл далада қалғандарын ұмытып кеткен еді.

Мұса мен Һарон адамдардың күңкілдегендерін естіп, өте қатты қайғырды. Олар халықтан бөлініп шығып, кездесу шатырының кіре берісіне жетіп, беттерімен жатты. Олар Құдайға сиына бастады. Содан соң Құдай Мұсаға:

– Әлгі таяқты қолыңа алып, ағаң Һарон екеуің бүкіл қауымды жинаңдар. Олардың көз алдында мына жартасқа бұйыра сөйлеңдер! Сонда ол сендерге ішінен су ағызады, – деп тапсырды.

Бірақ Мұса мен Һарон халыққа қатты ашулы еді. Олар халыққа:

– Уа, бағынбайтын қыңырлар, құлақ салыңдар! Сендерге осы жартастан су ағызайық па? – деп сұрады. Содан соң ол қолын көтеріп, жартасты екі рет таяғымен соғып қалды. Сонда одан су молынан сарқырап ақты. Бүкіл жамағат та, малдары да ішіп, шөлдерін қандырды.

Мұса мен Һарон дұрыс істеді ме? Мұса бірнеше қателік жіберді. Мұса Құдайдың бұйрығын толық орындамады, жартастан сөйлесу орнына таяқпен соқты. Оған қоса Мұса мен Һарон жартастан су ағатынына да күмәнданған еді.

Бәрібір Құдай Өзінің халқына рақымын төгіп, оларға су берді. Құдай Мұса мен Һаронды жазалап:

– Осыны жасағандарың үшін Қанахан еліне кірмейсіңдер – деді.

Бұл олар үшін ауыр жаза болды. Ыбырайым Құдайға арнап құрбандық орнын орнатқан Қанахан жерін көруді Мұса жиі армандаған болатын, бірақ осы оқиғадан соң оның арманы орындалмайтын болды.

Мұса жер бетіндегі ең момын адам болды. Исраилдіктер оны жиі кінәлайтын, бірақ ол ешқашан оларға қатал болмады. Тек осы кезде ғана ол өзін ұстай алмады.

Талқылауға арналған сұрақтар

4 сұрақ
  1. Халық кезекті рет сусыз қалған кезде не істеді?

  2. Құдай Мұсаға жартастан қандай жолмен су алуды бұйырды?

  3. Мұса оның орнына не істеді?

  4. Құдай Мұса мен Һаронды қалай жазалады?

25. Жартастан аққан су00:00 / 02:51