
Барлаушылар
Руларды санау кітабы, 13-14 тарау
– Бұл шынымен де өте бай жер екен, – деді Нұн ұлы Ешуа.
Мұса уәде етілген жерді барлап келуге Ешуаны басқа он бір рудың адамдарымен бірге жіберген еді. Қырық күн ішінде олар сол елдің барлық жерін барлап шықты. Міне, олар қайтып келіп, сол жердің қандай өнімді екенін және даласының сондай кең, орманды екенін айтып берді. Олар өздерімен бірге жүзім шоғын ала келді. Оның үлкен болғаны соншалық, тіпті оны екі адам ағаш сырықпен иықтарына салып әкелді. Барлық барлаушылар бір ауыздан:
– Қанахан – сүті мен балы ағып жатқан жер, – деп айтты да, басылып қалды. Олардың бірі батылданып алып:
– Мұса, ол жер қаншалықты керемет болғанымен біз ол елді жаулап ала алмаймыз. Ол жерді мекендейтін адамдар сондай күшті! – деді.
Барлауға барғандардың қалғандары да сол елді мекеннің тұрғындарының өте күшті екенін және қаланың қорғандары да өте мықты әрі биік екенін айтты.
Жиналған халық айқайлай бастады. Барлығы ашуланып, осындай тығырыққа тіреп қойғаны үшін Мұсаны айыптады. Кенеттен біреу дауыстап айқай салды. Бұл Яһуда руының атынан барған барлаушының бірі Халеп еді.
– Біз оларды жеңе аламыз! – деді ол. – Маған сеніңдер! Ал бәрінен бұрын Құдайға сенім артыңдар! Ол бізге сол жерді беремін деп уәде еткен. Ол бізге көмектеседі! – деді.
Ешуа Нұн ұлы Халепті қолдап:
– Қорықпаңдар! Көз қорқақ, қол батыр. Тек Құдайға қарсы шықпаңдар! – деді.
Ашуланған халық Ешуа Нұн ұлы мен Халептің сөзін бөліп жіберді. Ызаланған адамдар Ешуа мен Халепті тыңдағысы да келмеді. Сонда кездесу шатырынан Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты барлық исраилдіктерге көрінді.
Сол сәтте бүкіл қауым тынышталып қалды.
Құдай исраилдіктерге не айтқысы келгенін білу үшін Мұса киелі шатырға кетті.
– Мына халықтың Маған деген сенімсіздігі үшін оларға індет жіберіп, құртамын, – деді Құдай.
Мұса бұл кезде де Құдайдан халықты кешіруін өтінді.
– Жарайды, – деді Жаратқан Ие, – сен сұрағандықтан ғана Мен бұл халықты құртпаймын. Бірақ Менің Мысырда жасаған кереметтерімді көрген, өз беттерінше жүруді жалғастырған әркім, Мен ата-бабаларына уәде еткен жерді көрмейтін болады! Халық қырық жыл бойы шөл далада болады, содан кейін ғана жаңа жерді иемденеді. Сол уақытқа дейін барлық халық өледі, тек Ешуа Нұн ұлы мен Халеп және бүгінгі балалар сол Қанахан еліне кіреді.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақЖерді кім барлау керек болды? Олардың екеуін ата.
Олар Қанахан жерінде не көрді?
Осы әңгіме бізді неге үйретеді?