
Алтын бұқа
Мысырдан көшіп шығу кітабы, 32-33 тарау
Mұса Синай тауының басында Құдаймен көп күн тілдесті. Ал халық оның келуін асыға күтті. Мұсаны күтуден халықтың шыдамы таусылды. Олар өзге ұлттарда болғаны сияқты, өздерінде де көзге көрінетін және өздері табына алатын құдайлары болғанын қалады. Адамдардың барлығы Һаронға келіп, өздерінің қалауларын айтып, Һаронды қайта-қайта көндіруге тырысты. Ақыр соңында Һарон келісті.
– Жарайды! Мен сендерге құдай жасап беремін! – деді ол.
Ол халықтың қалауына құлақ асып, Құдайдың өсиетін бұзып жатқанын білді, бірақ соншама көп адамдарға қарсы тұруға оның батылы жетпеді. Һарон адамдар құрбан еткен алтындарды жинап алып, ерітіп, одан алтын бұқа құйды. Ол оны халықтың алдына орнатты, сонда бүкіл халық таңданып:
– Міне біздің құдайымыз! – деді.
Синай тауынан түсіп келе жатқан Мұса халықтың қуанышын естіп, не болып жатқанын түсінді.
– Әй күнәкарлар-ай! Сендер құдайсызсыңдар! – деп, ашуланып айқайлады Мұса. Оның көздері ашу мен қайғыға толды. Исраилдің балалары тірі Құдайдан бас тартып, алтыннан құйылған бұқаның мүсініне табынып жатыр. Сөйлесуге лайықты емессіңдер.
Осындай жиіркенішті күнәні көрген Мұса қаһарланып, тас тақташаларды жоғары көтерді де, бар күшімен жерге соқты. Олар парша-паршасы болып жан-жаққа ұшты. Содан соң алтын бұқаның көзін құртуды бұйырды.
Мұса оларға:
– Сендер өте ауыр күнә жасадыңдар. Бірақ мен таудың басына қайта көтеріліп, Құдайдан сендерді кешіруін өтінемін. Мүмкін Ол сендерге тағы да рақым етер, – деді.
Мұса Синай тауына көтеріліп, Құдайдан халық үшін кешірім сұрады.
Ол: – Егер Сен халықты кешіре алмасаң және оларды өлтіргің келсе, мені де өлтіре сал, – деп сиынды.
– Мен күнә жасаған адамдарды ғана жазалаймын. Бірақ Исраил халқын құртып жібермеймін. Барыңдар да Ыбырайым, Ысқақ және Жақыпқа берілген жерді иеленіңдер. Ал Мен сендермен бірге бармаймын, – деп жауап берді Құдай.
– Жаратушы Ием, – деп сиынды Мұса. – Егер Сен бізбен бірге бармасаң, онда мен де халқымды ертіп жүрмеймін, өйткені біз Сен болмасаң құримыз! – деп өтінді.
– Мұса, Мен сені жақсы көремін, – деді Жаратқан Ие, – сол себепті Мен сенің өтінішіңді орындаймын. Мен Исраил халқының күнәсін кешіріп, сендермен бірге уәде етілген жерге барамын, – деп жауап қатты Құдай.
Содан соң Құдай Мұсаға тағы басқа жаңа тас тақташалар жасап, оған он өсиетті жазып қоюды бұйырды.
Талқылауға арналған сұрақтар
4 сұрақХалық өздеріне құдай жасап беруді кімнен сұрады?
Һарон қандай жануардың мүсінін құйды?
Құдай халықпен не істемек болды?
Мұса таудан түскенде не істеді?