
Синай тауы
Мысырдан көшіп шығу кітабы, 19-31 тарау
Исраилдіктер өз шатырларын таудың етегіне тіге бастады, себебі бұлт сол жерге тоқтаған еді. Құдай Мұсаға тауға шығуды бұйырды, себебі сол жерде Құдай оған маңызды бір нәрсені ашқысы келді. Мұса тауға көтерілді. Сонда Құдай оған:
– Сен Менің халқымды Мысырдан алып шығып, оларға мейірімімді төккенімді көріп тұрсың; бар да олардан Менің өсиеттерімді орындағылары келе ме екен, соны сұра, – деп тапсырды.
Мұса төменге түсіп, исраилдіктерден:
– Құдайдың сөзіне құлақ асып, Оған мойынсұнасыңдар ма? – деп сұрады. Олар сонда:
– Иә, Құдай бізге не айтса, біз соны орындаймыз, – деп жауап берді.
Сонда Мұса тағы да тауға шығып, Құдайға халықтың жауабын жеткізіп:
– Исраил Сенің өсиеттеріңнің барлығын орындаймыз деп жатыр, – деді.
Құдай:
– Мұса, Мен олармен сен арқылы сөйлесемін. Халыққа бар да, оларға Менің не айтатынымды орындауға дайын болуларын айт, – деді.
Мұса таудан төмен қарай түсті де исраилдіктерге:
– Үш күннен кейін сендер Құдайдың даусын естисіңдер, Оны таудың төбесіндегі бұлттан көресіңдер. Сол үшін өздеріңді дайындап, Құдайдың алдында таза тұру үшін киімдеріңді жуыңдар, – деп бұйырды.
Мұса сонымен қатар, ешкімнің тауға жақындап өліп қалмауы үшін, тауды айналдыра шекара белгілеп қоюын бұйырды. Оған қоса, малдар да сол тауға жақындамауы керек, себебі ол жер Құдайдың ұлылығымен толуы тиіс еді.
Үшінші күні таң ата күн күркіреп, найзағай ойнап, таудың басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Қоныстағы халықтың бәрі де қорыққаннан дірілдеп қоя берді.
Мұса оларға шатырларынан шығып, Құдайға қарауды бұйырды.
Олар үрейлі көріністі көрді. Жаратқан Ие тау басына от жалынына оранып түскендіктен, Синай тауын түгел түтін жапты. Таудан балқыту пешінен шыққандай түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалып тұрды. Керней даусы күшейген үстіне күшейе түсті.
Жаратқан Ие Мұсаға:
– Таудың басына көтеріл, – деп бұйырды.
Мұса мойынсұнып бүкіл халықтың көзінше таудың басына көтерілді.
Құдай оған былай деді:
– Құдай құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың – Жаратқан Иемін. Сенің Менен басқа ешқандай құдайларың болмасын! Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе құдай бейнелерін жасама! Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма! Жаратқан Ие Өзінің атын орынсыз қолданғандарды жазасыз қалдырмайды. Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер, ал жетінші күн Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Ата-анаңды сыйла! Құдайың Жаратқан Ие өзіңе табыстайтын елде ұзақ өмір сүруің үшін осылай істе. Кісі өлтірме! Неке адалдығын бұзба! Ұрлық жасама! Ешкімді бекерге айыптама! Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!
Құдай сөзін аяқтағанда халық қуанды, себебі олар Құдайдың даусын естіп, зәрелері ұшып дірілдеп тұрған еді. Мұса төмен қарай түскен кезде
– Халық оған: Бізбен өзің сөйлессең, біз сені тыңдайтын боламыз. Құдай бізбен тікелей тілдесе көрмесін, әйтпесе құрып кетерміз, – деп өтінді.
Сонда Мұса қайтадан таудың басына шығып Құдайға халықтың өтінішін жеткізіп:
– Олар Сенің дауысыңды қайта естуге қорқады, – деді.
Сонда Құдай Мұсаға:
– Олардың Менен қорыққандары жақсы, Мен сенімен сөйлесемін, ал сен Менің сөздерімді оларға жеткізетін боласың, – деді.
Құдай Мұсаға тауға шығып, сол жерде қалуды бұйырды. Мұса тауда қырық күн болды. Қырық күн бойы ол ешнәрсе жемеді де, ішпеді де. Бірақ Құдай онымен бұлт арасынан сөйлесіп, оның өмірін сақтады.
Құдай Исраил халқына Өзіне арнап киелі орын ретінде – бір орыннан екінші орынға көшіруге болатын шатыр дайындауды бұйырғаны туралы Киелі Жазбада жазылған. Олар он өсиет жазылған киелі тас тақташаны сақтау үшін аққараған ағашынан жәшік жасау керек болды. Оның сырты мен іші алтынмен жалатылған болуы тиіс.
Ол жәшікті келісім сандығы деп атады, ол киелі шатырдың ішінде тұрады.
Содан соң Құдайдың Өзі Мұсаға он өсиет жазылған екі тас тақташаны берді.
Талқылауға арналған сұрақтар
5 сұрақҚұдай Өзімен сөйлесу үшін таудың басына кімді шақырды?
Неліктен тауды айналдыра шекара белгіленді?
Неліктен халық Құдайдың даусын естуді қаламады?
Мұса таудың басында қанша уақыт болды?
Құдай Мұсамен тілдесіп болған соң, оған не берді?