Жүсіптің құлдыққа түсуі

Жүсіптің құлдыққа түсуі

Жаратылыстың басталуы кітабы, 37-36 тарау

Бір күні Жақып Жүсіпті далада мал бағып жүрген бауырларына жіберіп, оған:

– Барып, бауырларыңның хал-жағдайын, малдың күйін көріп хабар алып қайт, – деп тапсырды.

Жүсіп әрқашан әкесінің айтқандарын қуанышпен орындайтын. Ол сол сәтте-ақ өзінің әдемі шапанын киіп, өзімен бірге қызметшісін де, есегін де алмай әкесімен қоштасып, жолға шығып кетті.

Жүсіп бауырларын ұзақ іздеді. Ағаларын іздеп жүріп ол бір жолаушыны кездестірді, жолаушы оған оның бауырлары қайда екенін айтты. Жүсіп бауырларына жақындап келе жатқанда олар бір-біріне:

– Қараңдар, түс көргіш келе жатыр! Жүріңдер, оны өлтіріп, құдыққа тастайық. Әкемізге жыртқыш аңға жем болды деп айтамыз. Сонда оның түстерінің қалай орындалатынын көрерміз, – деді. Жүсіп келген кезде олар оны ұстап алды.

Олардың үлкені Рубен:

– Оны өлтірмейік! Қан төкпеңдер! Оны айдаладағы құдыққа тастаңдар, бірақ қол жұмсамаңдар! – деді.

Осылай Рубен оны бауырларынан құтқарып, әкесіне қайтармақшы болды. Бауырлары Жүсіпті өлтірмеуге келісті. Олар Жүсіптің үстіндегі шапанын шешіп алды. Жүсіп сонда бауырларының өзімен не істемек болғанын түсініп, қайғырып жылады, өзін әкесіне қайтаруды өтінді, бірақ олар оны тыңдамады, себебі олардың жүректері қатыгезденіп, зұлымдыққа толған еді.

Олар оны терең құдыққа тастады. Сол жерде Жүсіп қарны ашып, шөлдеп жатты. Ол өз әкесіне қайта орала алмайтынын ойлап қатты өкінді!

Жүсіптің айқайлап, өкіріп жылағанына қарамастан зұлым бауырлары тамақтануға кірісті. Сонда олар бір керуенді көрді. Олар түйелеріне стиракс, бальзам және ладан тиеп алып, Мысырға қарай беттеп бара жатқан саудагерлер еді. Бауырларының бірі Яһуда орнынан ұшып тұрып:

– Маған бір ой келді! Бұл керуен Мысырға бара жатыр. Жүсіпті құлдыққа сатып жіберейік! Сонда біз оны өлтірмейміз, ол бізден алыста болады, – деді.

Керуен жақындаған кезде, бауырлары саудагерлерге барып:

– Біз сендерге бір құл сатпақпыз. Ол өзі әдемі, он жеті жасар бозбала, дені сау, мықты. Мысырда сендерге ол үшін жақсы ақы төлейді, ал сендер пайдаға кенелесіңдер, – деп ұсыныс жасады.

Саудагерлер Жүсіпті қарап шығып, оны жиырма мысқал күміске сатып алды.

Біраз уақыт өткен соң бауырлары Жақыпқа текенің қанына боялған Жүсіптің түрлі-түсті шапанын әкеліп беріп, оның жыртқышқа жем болғанын айтты. Жақып көп уақыт бойы сүйікті ұлын жоқтады, оны осы қайғыдан еш нәрсе жұбата алмады...

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Ағалары Жүсіппен не істеді?

  2. Ағаларының қайсысы Жүсіпті құтқарғысы келді?

  3. Жүсіптің ағалары қандай жоспар ойластырып жүрді?

15. Жүсіптің құлдыққа түсуі00:00 / 03:11