Жүсіптің түсі

Жүсіптің түсі

Жаратылыстың басталуы кітабы, 37:1-12

Жақыптың он екі ұлы болды. Оның барлық ұлдары ер жетті. Ал ең кенже ұлы Бунямин әлі кішкентай еді. Жақыптың әйелі Рахила оны босанған кезде қайтыс болып кетті. Рахиланың тұңғышы Жүсіп Буняминнен жасы үлкен еді. Ол бозбала, өзінің әкесін жақсы көріп, оның тілін алды.

Жақыптың үлкен он ұлы ешкілер мен қойларды бағатын. Олардың теріс қылықтары Жақыптың жүрегін ауыртатын. Жүсіп бауырларымен бірге жүрген кезде олардың теріс істерін көріп, көңілі жабырқайтын. Сосын ол әкесіне барып, болған жайттарды айтып беретін. Жүсіптің осындай іс-әрекеті бауырларының ашуын келтіріп, олар онымен дөрекі сөйлесетін. Жақып Жүсіпті өзгелерінен артық жақсы көрді. Бұл оның басқа балаларына ауыр тиді. Әкенің осындай қарым-қатынасы олардың бойында қызғаныш пен жек көрушілікті туғызды.

Бір күні Жақып Жүсіпке әдемі, түрлі түсті шапан тігіп бергізді. Бұл бауырларының оған деген ашуы мен қызғанышын одан сайын күшейтті.

Кейде Жүсіп ғажайып түстер көріп, оларды бауырларына айтып беретін еді.

Ол түсінде бауырларымен бірге егістікте егін орып, бауларды байлап жүргенін көрді. Бауырларының байлаған баулары оның байлаған бауына тағзым етіпті. Жүсіп көрген түсіне қатты таңғалып, оны бауырларына айтып берді. Бауырлары қатты ашуланып:

– Сен бізге билік жүргізбексің бе? – деп, оны көрген түсі мен айтқан сөзіне бола жек көріп кетті.

Көп кешікпей Жүсіп тағы бір түс көрді. Күн, ай және он бір жұлдыз оған табынды. Осы түс оны бұрынғыдан да қатты таңғалдырды. Ол бұл түсті бауырлары мен әкесіне айтып еді, әкесі оны ұрсып:

– Сонда не, мен – күн, анаң – ай, он бір жұлдыз – бауырларың деп ойлайсың ба? Біздің бәріміз сенің алдыңа келіп тағзым етеміз бе? – деді.

Алайда Жүсіп осы түсті есінде сақтап қалды. Ал оның бауырлары бұрынғыдан бетер ашуланып, қызғанды да: «Жүсіп өзінше болып, өркөкіректеніп кетіпті. Қарай тұр, біз оған әлі көрсетеміз!» – деп шешті.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Жақыптың неше ұлы болды?

  2. Жақып Жүсіпті басқалардан артық жақсы көріп дұрыс істеді ме?

  3. Неліктен Жүсіптің түстері оның ағаларын ашуландырды?

14. Жүсіптің түсі00:00 / 02:44