Жүсіп Мысыр елінде

Жүсіп Мысыр елінде

Жаратылыстың басталуы кітабы, 39-41 тарау

Саудагерлер Жүсіпті Мысырға әкеліп, оны перғауынның бас қорғаушысы Потифарға сатып жіберді. Жүсіп көп ұзамай сол елдің тілін үйреніп алды. Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің барлық істе де жолы болды.

Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі етіп, сарайын басқартып, өзіндегі бар дүние-мүлікті оның жауапкершілігіне тапсырды. Ал Жүсіп Құдайдың жат елде оны тастамай, оған жар болып, көмектесіп жатқанына қатты қуанды.

Потифар мейірімді қожайын еді, бірақ ол үйінде сирек болатын. Ал оның әйелі өте зұлым адам болды. Ол Жүсіпке жала жауып, оны түрмеге отырғызды. Бірақ Құдай оны түрмеде де тастаған жоқ.

Түрме бастығы Жүсіптің сенімді адам екенін байқап, оны түрмедегілерді бақылаушы етіп тағайындады. Бір күні бас шарапшы және бас наубайшы болған екі тұтқын өздерін қатты алаңдатқан түс көрді.

– Егер Құдай, маған сендердің түстеріңнің мағынасын ашып берсе, онда мен сендерге көмектесемін. Маған түстеріңді айтып беріңдер, – деді Жүсіп оларға.

Жүсіп олардың түстерін естігенде, ол көп ойланып отырмады. Құдай оған сол түстердің мағынасын ашып берді.

Біраз уақыт өткен соң мүлдем басқа үйде, түрмеден алыс жерде тағы бір адам түс көрді: бұл мысыр патшасы – перғауын болатын. Ол Ніл өзенінен жеті сиырдың шығып келе жатқанын көрді. Сол жеті күйлі сиыр қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді. Содан кейін олардан басқа, сұрықсыз, арық тағы жеті сиыр судан шығып, жағада тұрған сиырлардың қасына келді. Сұрықсыз, арық сиырлар жеті семіз, күйлі сиырды жеп қойды. Содан соң перғауын тағы бір түс көрді: түсінде бір сабақта әдемі, толық піскен жеті масақ өсіп тұр екен. Ал солардан кейін жеті сидиған арық масақ та өсіп тұрды.

Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын. Жеті сидиған арық масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Ал перғауын ұйқысынан шошып оянғанда, бұның түс екенін білді.

Патша қатты мазаланып, бұл түстердің нені білдіретінін түсінбеді.

Перғауын көрген түстері туралы көп ойланып, мағынасын таппады. Ол Мысырдың барлық балгерлері мен білімпаздарын алдыртып, көрген түстерін айтып берді. Алайда олардың ешқайсысы да патшаның түстерін жорып бере алмады. Ол қатты ашуланып, олардың барлығын қуып жіберді. Сол кезде перғауынның қызметшісі түрмеде Жүсіппен бірге отырғанын және оның түсті жори алатынын есіне түсірді. Ол перғауынға сол туралы айтып берді, сол сәтте-ақ перғауын оны алып келуін бұйырды.

– Сонымен, сен түс жори аласың, солай ма? – деді перғауын Жүсіпке.

– Жоқ, түсті мен жорымаймын, бірақ Құдай маған оның мағынасын ашып береді, – деп жауап қатты Жүсіп.

Сонда перғауын Жүсіпке көрген түстерінің бәрін айтып берді.

– Екі түс те бір мағына береді, – деді Жүсіп. – Жеті әдемі сиыр мен жеті әдемі масақ Мысыр елінде молшылық болатын жеті жылды білдіреді. Бұл екеуі де бірдей мағына береді. Олардың артынан келген жеті арық, сұрықсыз сиыр және шығыстан соққан желден кеуіп қалған жеті масақ жеті жылдық ашаршылықты білдіреді.

Перғауын мазасызданып, уайымдап кетті. Ол Жүсіптен:

– Біздің елге төніп келе жатқан қауіпті тоқтату мүмкін емес пе? – деп сұрады.

– Мүмкін! – деді Жүсіп. – Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға білдіріп тұр: бүкіл Мысырда жеті жыл бойы молшылық болады. Содан соң молшылықты ұмыттыратын жеті жылдық қуаңшылық келіп, елге қиыншылық әкеледі. Енді перғауын бір ақылды, данышпан адамды таңдап алып, Мысыр елін басқаруды оның қолына тапсыра көрсін, сонымен қатар арнайы салықшылар тағайындап, егіннің бестен бір бөлігін жинап алдыртсын. Осы қызметкерлер болашақтағы молшылықтың астығын жинап, қалаларда перғауынның қарамағындағы қоймаларда азық қоры ретінде сақтаудың қамын жасаулары керек. Бұл астық Мысыр елін жайлайтын жеті жылдық жұт кезінде халықты аштан өлуден сақтайтын қор болады.

Перғауынға бұл ұсыныс қатты ұнап, Жүсіпке:

– Мұның бәрін саған Құдай білдіріп тұр екен! Өзің сияқты ақылды, дана ешкім де жоқ. Бұдан былай менің сарайымды қарамағыңа аласың, бүкіл халқым сенің айтқаныңмен жүруге тиіс. Мен патшалық тағыма байланысты ғана сенен жоғары боламын. Міне, мен сені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындаймын, – деген шешім айтты.

Осылайша перғауын Жүсіпті Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындады. Елдің әміршісі болып Жүсіп көп еңбек етуге тиіс еді. Ол бүкіл елде бидай сақтайтын қоймалар тұрғызуына бұйрық берді. Ол өз уақытын көңіл көтеруге емес, халықтың қамын ойлауға жұмсады.

Жүсіп өзін түрмеден алып шыққаны үшін Құдайға шексіз алғысын білдірді. Ол бай болғаны немесе қымбат киімдер кигені үшін емес, адамдарға көптеген жақсылық жасау мүмкіндігін бергені үшін қатты қуанды. Көп кешікпей ол үйленіп, екі ұлды болды. Ол жиі өз әкесі жайлы және ағаларының зұлым жүректерінің өзгеруіне үміт бар ма, жоқ па деп көп ойлайтын. Жүсіп ағаларына кек сақтаған жоқ, себебі оның осы құлдықта болуына Құдай жол берді. Ал Құдай мұны тек мысырлықтардың құтқарылуы үшін емес, сонымен қатар Жақыптың отбасының құтқарылуы үшін де жасаған болатын.

Талқылауға арналған сұрақтар

3 сұрақ
  1. Саудагерлер Жүсіпті ағаларынан сатып алып қайда апарды?

  2. Олар Жүсіпті кімге сатты?

  3. Құдай Жүсіпке Мысырда қалай көмектесті?

16. Жүсіп Мысыр елінде00:00 / 06:29