
Бауырлардың кездесуі
Жаратылыстың басталуы кітабы, 32-35 тарау
Алыс жолға шыққан олар сапар кезінде, Құдайдың Ыбырайымға және оның ұрпақтарына уәде еткен жеріне бара жатқандарына қуанды. Есау қалай қарсы алар екен деген тек бір мәселе ғана Жақыпты мазалады. Бір кездері Есау оны өлтірмек болғаны Жақыптың есінде еді, сондықтан қазір ол өзін де, балаларын да, Есау өлтіріп қояр деп қорықты.
Жақып Есаудың өзімен бірге төрт жүз еркекті жинап алып оны қарсы алуға шығып келе жатқанын естіп, білді. Енді не істеу керек? Егер Есау жамандық ойластырған болса, онда Жақып құрыды. Көптеген малдарымен, әйелдерімен және балаларымен бірге ол қашып үлгере алмайды. Ал қорғануға оның адамдары өте аз болды.
Оның істеген бірінші ісі: ол отарын екі көшке бөлді де, жартысын алдыға қарай жіберді.
Ол:
– Егер Есау бұларға қарсы шығып, шабуылдаса, онда мен Есаудың әлі де маған ашуланып жүргенін білемін, сонда отарымның екінші жарты бөлігі қашып үлгере алады, – деп өзінің ұлдарына түсіндірді. Жақыптың өзі бірінші бөлігімен алдыға қарай шықты.
Кеш батқан кезде, ол отарынан әрірек барды да:
– Құдайым, мен Сенің мейіріміңе лайықсызбын. Менің уәде бұзуыма қарамастан, Сен маған рақымды болдың. Қазір де өтінемін, мені және отбасымды сақтай гөр, Есаудың бізді өлтіруіне жол берме, Сен Өзіңнің маған қорған болуға және мына жерді менің ұрпағыма беруге уәде етіп едің ғой, – деп сиынды.
Келесі күні Жақып өзінің қызметшілерін отыз түйемен бірге ағасын қарсы алуға жіберді. Олар кеткен кезде Жақып келесі қызметшілерін екі жүз қоймен бірге жіберді. Одан соң тағы да ешкі, сиыр және бұқаларды жіберді.
Бұл мал сыйға арналаған еді. Жақып «Егер Есау сый артынан сый ала берсе ол маған ашуланбайды» деп ойлады.
Жақып Есауға өз сыйларын жіберді, бірақ Есау әлі көрінбеді.
Кеш батты, барлығы ұйқыға кетті. Түннің ортасында Жақып тұрды да, өз отарын және отбасын кішкентай өзендегі өткелден өткізді. Ол барлық мал мүлкін өзеннің арғы жағына өткізді де өзі бергі жақта жалғыз қалды. Кенеттен бір Кісі Жақыпқа тап беріп онымен күресе бастады. Бұл адам кейіпінде келген Құдайдың Періштесі болатын. Олар таң атқанша күресті. Оны жеңе алмайтынын көргенде, Ол Жақыптың жамбасынан ұрып жіберді. Жақып әрі қарай күресті жалғастыра алмады, бірақ қарсыласын мықтап ұстап тұрды.
Әлгі Кісі оған:
– Мені жібер, себебі таң атып қалды, – деді.
Бірақ Жақып:
– Алдымен маған батаңды бер, – деп оны жібермеді.
– Сенің атың кім? – деп сұрады сол Кісі.
– Жақып.
– Бұдан былай сенің атың Жақып емес Исраил болады, себебі сен Құдаймен күрестің және адамдарды жеңе аласың, – деді сол Кісі.
– Сен өз атыңды айт, – деді Жақып, бірақ әлгі Кісі жауап бермеді. Сонда Жақып адаммен емес, Құдаймен күрескенін түсінді.
Сөйтіп Құдай Жақыпқа батасын берді. Шығыстан күн шыға бастағанда әлгі Кісі ғайып болды. Жақып баяу өзеннен өтіп бара жатқанда таң атып, күн шықты. Жамбасы ауырғандықтан ол ақсап қалды.
Көп ұзамай ол отарын және отбасын қуып жетті. Жақып басын көтеріп төңірегіне көз тастағанда, оған жақындап келе жатқан ер адамдарды көрді. Бұл Есау және оның қызметшілері еді.
Жақыптың жүрегі дүрсілдеп Есауды қарсы алуға шықты, ағасының алдына жеткенде ол жеті рет жерге иіліп тағзым етті. Бірақ Есау жүгіріп келіп, оны құшақтап сүйе бастады.
Ол:
– Жақып, мен сені қайта көргеніме қуаныштымын!
Жақыптың жүрегінен тас түскендей болды, Есау оған ашулы емес екен! Ол Есаудың жүрегінің жібігенін көріп қатты қуанды. Жақып Құдайдан Есаудың жүрегіне әсер етуін сұраған еді, Құдай оның дұғасына жауап берді. Екеуі де қуаныштан жылады.
Есау Рахиланы, Лияны және балаларын көріп:
– Мыналар кімдер? – деп сұрады.
– Бұлар менің Құдай берген отбасым, – деді Жақып.
Сонда Рахила мен Лия, қызметшілер мен балалар Есауға бастарын иіп тағзым етті.
Есау:
– Ал мен жолда кездестірген мына малдар, сиырлар, бұқалар ше? Не үшін сен маған оларды жібердің? Менің өзімде мал көп, сен оларды өзіңе қалдыра бер, – деді.
Ал Жақып Есауға:
– Менің сыйларымды қабыл ал, себебі Құдай мені молынан жарылқады, менде бәрі бар, – деді.
Осылайша Жақып Есауды сый тартуларын алуға көндірді. Есау Жақыпқа:
– Менімен бірге мен тұрып жатқан елге жүр, – деді. Бірақ Жақып:
– Мен тез жүре алмаймын: менің балаларым әлсіз, менің қозыларым мен лақтарым бар, егер оларды тез айдасам, олардан айырылып қаламын, – деп жауап берді.
Осылайша Жақып Есаумен бірге бармады. Сонда Есау Қанахан жерінен алыс жерде орналасқан өз үйіне қайта оралды. Ал Жақып Қанахан жерінен алыс емес Сихем қаласына барып орналасты. Ол өз шатырларын жайып, Құдайға құрбандық шалатын орын жасап, Жаратқан Иеге тағзым етті.
Талқылауға арналған сұрақтар
3 сұрақНеліктен Жақып үйге оралуға қорықты?
Бауырлардың кездесуі қалай болды?
Жақып қандай жаңа есімге ие болды?