Исраилдіктердің отанына оралуы

Исраилдіктердің отанына оралуы

Еремия пайғамбар кітабы, 31:31-34

Даниялды бала кезінде тұтқындап Бабылға алып кеткен еді. Бірақ ол тіпті қартайған шағында да өзінің отанын ұмытпады және Құдай өз халқын қайтадан еліне әкелетіні жайында айтқан уәдесін есінде сақтады.

Егер ғибадатхана қалпына келіп, барлық яһудилер Құдайға бірге сиына алса ғой!

Даниял өзінің үйінде жалғыз отырып, ораза ұстап, Құдайға сиынып, былай деді:

– Жаратушы Ием, Сен ұлы және киелі Құдайсың! Сен Өзіңді сүйетіндерге мейірімдісің. Біз сенің халқыңбыз, Сенің алдыңда көптеген әділетсіздіктер жасадық. Себебі Сен біздің жат жерге жер аударылуымызға және Иерусалимнің қиратылуына жол бердің. Бірақ мен Сенің кешірімді екеніңді білемін. Халқымның күнәсін кешіріп, бізге елге оралуға мүмкіндік бере гөр!

Құдай Даниялдың дұғасын естіп, оған жауап берді. Даниялдың өзі Исраилге орала алмады, себебі исраилдіктер тек Даниял өлгеннен кейін өз жеріне қайта оралуға рұқсат алды. Бабыл патшасы яһудилерді жай ғана жібере салмай, оларға Иерусалимдегі киелі үйден алып кеткен күміс пен алтын ыдыстардың бәрін қайтарып берді. Исраилдіктердің қуаныштарында шек болмады. Міне, олар бостандыққа шықты!

Бірақ олардың өз еліне оралуына бәрінің бірдей батылы жете қоймады. Өйткені мұнда олардың бақшалары мен үйлері, көршілері мен достары бар еді. Себебі Иерусалим қирап қалған еді. Онда үйлер де, бақтар да жоқ болатын. Барған соң бәрін қайта салу керек еді.

Бірақ батыл адамдар жиналып, туған еліне жолға шықты. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасын қайтадан қалпына келтіруге бел буды.

Көптеген апталар жүріп, Иерусалимге жетті. Олар неден қорыққан болса соны көрді: олардың үйлері қиратылып, қолдануға жарамай қалған болатын, ал сақталып қалған үйлрде басқа адамдар тұрып жатты. Егіндіктер мен жүзімдіктерді арам шөптер басқан, кей жерлерді өзге адамдар өңдеп, иемденіп алған.

Алда оларды әлі қаншама ауыр еңбек күтіп тұрды!

Бірақ олар үшін ең маңыздысы ауыр еңбек, егін егіп, оны ору немесе жаңа үйлер соғу емес. Тұтқында жүріп істей алмағанды енді істей алатыны оларды қуантты. Бұл – Жаратқан Иені Оның киелі үйінде мадақтау!

Бірақ киелі үй жоқ еді. Бұрын сондай әдемі болған Иерусалим қирап жатты.

Бір діни қызметкер халыққа:

– Ғибадатхананы салуға көп уақыт кетер, бірақ біз Құдайға қазір де сиына аламыз. Құрбандық шалатын орынды тазалап, соны тұрғызайық, – деді.

Халық қуана келісті. Олар құрбандық шалатын орынға арналған алаңды тазалай бастады. Көп ұзамай олар Құдайға құрбандық шалып, өз еліне оралуға мүмкіндік бергені үшін Құдайға алғыстарын білдірді. Көп жылдардан соң жаңа ғибадатхана салынып, Иерусалим қайтадан әдемі қалаға айналды. Құдай исраилдіктерге пайғамбарлар жіберіп отырды. Олар халыққа Құдайдың өсиеттерін еске салып тұрды. Құдай халқын бірнеше рет жазалап, бірақ әрдайым кешірді. Бір күні Құдай пайғамбарлар арқылы былай деп уәде берді:

«Міне, Мен Исраил әулетімен және Яһуда әулетімен жаңа келісім жасайтын күндер келе жатыр, – дейді Жаратқан Ие. Бұл келісім олардың ата-бабаларын қолынан ұстап, Мысыр жерінен алып шыққанда жасаған келісімімдей емес. Мен олармен жасаған келісімімді бұзбасам да, олар Менің сол келісімімді бұзды, – дейді Жаратқан Ие. – Бірақ сол күндерден соң Мен Исраил әулетімен келісім жасасамын, – дейді Жаратқан Ие. – Заңдарымды олардың ойларына салып, жүректеріне жазамын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады. Бұдан былай бірін-бірі, ағасы інісін: «Жаратқан Иені танып біліңдер», – деп үйретпейтін болады, өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені танып білетін болады, – дейді Жаратқан Ие. – Себебі Мен олардың заңсыздықтарын кешіремін, істеген күнәларын еске алмаймын».

Киелі Жазба, Еремия кітабы 31:31-34

Талқылауға арналған сұрақтар

1 сұрақ
  1. Құдай осы уәдесін қашан орындамақ болды?

49. Исраилдіктердің отанына оралуы00:00 / 05:23